$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақстан дауысының» қатысушылары неге жұлқынады? (ВИДЕО)

«Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Қазақстан дауысы» тележобасының үшінші маусымы өтуде. Сөз жоқ, көрермені көп, ең танымал телеөнімдердің бірі. Дегенмен, жобаға қатысушылардың және тәлімгерлердің көзімізге түскен олқылықтарын айтпай кете алмаймыз.

Көзге ерсі көрінетін бірінші мәселе – қатысушылар Сүгірдің, Нұртуғанның термелерін орындағанда екі иықтарын жұлып жеп, жауға шапқалы тұрғандай күйге түседі. Әннің мазмұны, әншінің шеберлігі айдалада қалады.

Әсіресе, «Шайқас» деп аталатын кезеңде бұл анық көрінді. Мысалға, Гүлмира Ізбасханова мен Мархаббат Бейсенова деген екі бойжеткен Сүгірдің «Қанекей, тілім, сөйлеші» атты термесін орындағанда сахнада бір-бірін түтіп жеп қоя жаздады. Әп-әдемі бойжеткендердің бір-біріне шүйлігіп тұрып, саусақтарын тарбитып, екі иықтарын жұлып жегені ұят. Олардың даусы, әншілік шеберлігі екінші кезекке ысырылып қалып, тек өрескел қимылдары алдыңғы орынға шығып кетті.

Нұртуғанның бұл термесінің мәтініне құлақ қойып тыңдасаңыз, қыздардың неге соншама жұлқынып жатқаны түсініксіз:

«Қанекей, тілім, сойлеші, көрсетіп көпке өнерді,
Қызыл тілім жел сөзге туғаннан ақ шебер-ді.
Кім тындайды сөзімді, болмаса әсем мәнерлі?
Басы пұлды болады болса жігіт өнерлі»...

Эстрада әншілері ең жиі орындайтын термелердің бірі Сүгірдің «Сөйлеші, сөйле, қызыл тіл» атты термесі. Оны эстрада жанрына бейімдеп, ел алдына алып шыққан Қыдырәлі Болманның да сахнадағы образы мұндай өрескелдіктен аман-тұғын.

Алмас Алматов, Елмұра Жаңабергенова сияқты терме орындаушылары да сабырмен жырлайды.

Бір қызығы, тәлімгерлік пен қазылық жасайтын төрттікке қыздардың солай жұлқынып орындағаны ұнайтын тәрізді. «Термені олай бұзбаңдар» деп ескерте ме десек, олар мақтап әлекке түсуде. Көрерменді жалт қарату үшін, шоу жасау үшін түрлі-түрлі образға кіру керек екенін түсінеміз. Бірақ, шоу жасау керек екен деп, Нұртуғанның, Сүгірдің термелерін, басқа да музыкалық мұраларды бүлдіре беруге бола ма екен?! Әлде, қазылардың креслосында отырған әншілерге осылай орындаған ұнай ма?! Қазылар алқасындағы әншілер қатысушыларға бір ауыз ескерту жасамай, мақтағанына қарнымыз ашты.

Бірнеше жыл бұрын « Кешyou тобы» «Әдемі қыз» әнін сыңсып, зарлы дауыстарымен «бақытсыз қызға» айналдырғаннан кейін кейін бұл әнді айтатындардың бәрі соны қайталауға көшкен еді. Әу баста бозбаланың қызға арнаған әнін қазір тек қыздар орындайды. Орындағанда да, тура бақытсыз бойжеткеннің бейнесіне еніп, аянышты күйге түсіп, әбден әбігерге түседі.

Тәлімгерлер демекші, қатысушыларға жөн-жоба көрсететін тәлімгерлерің білім-білігіне күмәнмен қарауға тура келеді. «Қазақстан дауысы» отандық төл өнім еместігі, шетелдік арналардан алынған көшірме өнім екендігі белгілі. Құп делік, үздік жобалардың үлгісін басқалардан алу көптеген елдердің телеарналарына тән әдет. Қазақстандық арналар көбіне-көп Ресейдің өнімдерін пайдаланады. «Түнгі студия», «Дода» сынды бағдарламаларды айтсақ та жеткілікті. Алайда, ресейлік әріптестестерінен бағдарламаны барынша салмақты етуді үйренбеген.

Мысалға алар болсақ, «Қазақстан дауысындағы» әділқазылардың арасында сөзі бәтуалы, репертуары салмақты адам жоқ. Сөздік қоры негізінен «маған ұнады», «кер-ре-мет», «там-ма-ша» деген тәрізді он шақты сөздің айналасында. Сөздік қорлары тым жұтаң, осы оншақты сөзден басқа сөз білмейтін тәрізді. Бұларды көгілдір экраннан күнде көріп үйреніп қалған жастар не үйренеді?

Ресейлік «Голос» бағдарламасын қарасаңыз, әділқазылардың шешендігіне, музыкалық біліміне тәнті боласыз. Шеттерінен мықты. А.Градский деген әйгілі композитор, әнші, КСРО-ның халық әртісі. Алмаған атағы аз. Бір басына жететін өнері бар. Қалған қазылар соның айтқанына көбінесе келісіп отырады. Келіспей көрсін, Градский сол жерде нақты дәлел, дәйектерін айтып, «жерге түсіреді». Басқа әділқазы мүшелері де осал емес, танымал композиторлар, «Евровидение» сияқты әйгілі халықаралық байқаудың жеңімпазы, қатысушысы... Халықаралық байқауға қатысқан тәлімгерлер енді өздері тәрбиелейтін жастарға да дұрыс бағыт көрсете алады. Бір-бірімен ойлары үндеспей, пікір таластыруға да қабілетті. Ал біздегі төрт тәлімгер Кішкенбаевтан басқасы байқауға қатысып көрмеген. Олардың өзара пікір таластырғанын көру қиын. Бір-бірін орынды-орынсыз мақтауға құмар.

«Қазақстан дауысындағы» тәлімгерлердің арасында Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сынды репертуарымен елді мойындатқан ешкім жоқ. Нұрлан Албанды дәстүрлі әнші, дәстүрлі әннің жілігін шағатын маман деп бәрі соған бас шұлғиды. Жалпы, Нұрлан Албанды дәстүрлі әнші деп те, эстрада әншісі деп те қабылдау қиын.

Репертуарында жеке орындайтын бірнеше әні бар, оның өзі халық әндері. Жанына он шақты кемпір-сампырды ертіп алып бейнебаян түсіріп, той-томалақты жағалағауды ғана біледі. Қазақстанның эстрадасына, дәстүрлі ән өнеріне басқа қандай еңбегі сіңгенін білмейміз.

Рүстем Нұржігіт пен Алмас Кішкенбаевтар да көгілдір экраннан түспей жүр демесеңіз, репертуарына қарап адамның қарны ашады. Айтып жүрген әндері де «жаным, күйдім-күйдімнің» айналасындағы әкәку-сәкәку. Өзінің атын МАдина деп орысшалап жүрген Мәдина Сәдуқасовадан бірдеңе күту қиын.

Қазылық және тәлімгерлік жасайтындар осы болғансын, қатысушылардың да репертуары оңып тұрған жоқ. Қайдағы екінші сортты әндерді таңдайды. Олардың ыңырсып айтқандарына тәлімгерлері қол соғып, тіпті, орындарынан түрегеліп тұрып қошемет көрсетеді.  

Бұл жобадағы тәлімгерлердің басқаға қабілеті жетпесе де, жылауға келгенде қатырады. Былтыр Нұрлан Албан, Алмас Кішкенбаевтар жыласа, биыл Мәдина Сәдуақасова еңіреді. Әлеуметтік желідегі «МАдина қай жерде жылап, қай жерде күлуді шатастырып алыпты» деген әзіл осыдан кейін пайда болса керек.

«Қазақстан дауысы» – «Қазақстан» Ұлттық арнасының ең қымбат тележобаларының біреуі. Қыруар ақша жұмсалғансын, арнаның атына сай телеөнім болуы керек еді. Өкінішке орай, бұл бағдарламаны көргеннен үйренетін, тәлім алатын жерлері аз. Сөздік  қоры он-он бес сөзден аспайтын тәлімгерлерден жылауды үйренер, өтірік мақтауды үйренер. Басқа беретін тәлімі жоқ. Алдағы маусымда «Қазақстан дауысы» жалғасатын болса, осы олқылықтарды ескері, иәлімгерлердің қатарын салмақты өнерпаздармен толықтырса дейміз.

Нұртөре САМАРҚАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары