Петропавл қаласындағы бірнеше үй қара суықта жылусыз отыр. Өңірде кеше қар жауып, күн 8 градусқа дейін төмендеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тұрғындар болса «суық үйде бүрсең қағып отырмыз», деп дабыл қағуда. 18 отбасы коммуналдық қызмет үшін ақшаларын уақытылы төлеп тұрса да, жылда осындай мәселеге душар болады. Неліктен?
80 жасты еңсерген Петропавл қаласының тұрғыны Эдуард Смагин пәтерде қабат-қабат киініп жүруге мәжбүр. Өйткені күздің қара суығы түссе де, үйі әлі күнге дейін жылуға қосылмаған.
Эдуард Смагин, қала тұрғыны:
- Түнде ұйықтау мүмкін емес. Төрт бірдей көрпемен оранып, киіммен жатамыз. Әлі күнге дейін бүрсең қағып жүрміз. Міне, аяқ-қолым мұздай. Жасым болса 80-нен асты.
Екі бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары бүгінгі күні электр қондырғыларын пайдаланып отыр. Жылудың жоқтығынан су да қатып қалған. Салдарынан халық тіршілік нәрін сырттан тасып ішуде.
Наталья Бродель, қала тұрғыны:
- Әкімдікке бірнеше рет бардық. Мардымды жауап ала алмай келеміз. Тек бір-бірлеріне сілтей береді. Жылудың жоқтығынан балаларымыз да ауырып жатыр. Ертең электр қуаты үшін тағы бірнеше мың ақша төлеуіміз керек.
Бұл үйлерге жылу осы маңда орналасқан элеватордан тарайды. Аталған кәсіпорын болса, банкротқа ұшыраған. Ал оның зардабын қарапайым халық тартып отыр.
Ерлан Қайырбеков, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
- Қазақстанның инвестициялық қоры бұл элеватормен қайтадан келісімшарт жасасып жатыр. Қазір бұл жұмыстар аяқталуға жақын. Сондықтан бүгін-ертең тұрғындарға жылу берілетін болады.
Айта кету қажет, қала шетінде орналасқан бұл үйлер жылу магистарліне тура қосылмаған. Сондықтан тұрғындар жылда осындай мәселеге душар болады.