Жыл басында Халықаралық Валюта Қоры әлемдік экономикалық өсімді 3,5 пайыз шамасында болады деп болжаған. Геосаяси текетірес және шикізаттық дағдарыс шикізат экспорттаушы елдер мен дамушы елдердің жылдық жалпы ішкі өніміне ауыр соққы болып тисе, дамыған елдер үшін бұл факторлар әрқалай көрініс тапқан, дейді Халықаралық Валюта Қорының кеңесшісі Оливиер Бланчард.
Дағдарыс аясындағы даму
Жылды 0,9 пайыз экономикалық құлдыраумен қарсы алған АҚШ экономикасы екінші маусымға қарай қалпына келе бастады. 2009 жылы дағдарыста 4 пайызға дейін әлсіреген құрама штаттардың экономикасы 2010 жылдан бастап қайта өрлеген. Ақ үйдің маусым сайынғы мәлімдемесіне сай, 2015 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өсім көрсеткіші 3 пайызды көрсетсе, жылдың екінші жартысы салыстырмалы түрде төмен деңгейде болады деп күтілуде. Дүниежүзілік банктің жыл басындағы болжамында АҚШ экономикасы биыл 3,6 пайызға өседі делінген. Дегенмен жыл қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш шамамен 2,2 пайыздан аспайын деп тұр. Аталған көрсеткіштің алдыңғы жылдардан төмен болуындағы себеп доллардың жылдық инфляциясы мен жұмыссыздық деңгейінің 5 пайызға дейін ұлғаюы. Сонымен қатар сыртқы саудадағы басты әріптесі Қытаймен арадағы экономикалық қатынастардың бәсеңдеуі де өз зиянын тигізген. Өсімнің дәстүрлі көрсеткішіне жетке алмағанымен, жалпы көрсеткіште әлемнің ең ірі экономикасы жылды «плюспен» аяқтайын деп отыр.
2008 жылғы дағдарыстан бері өз өзіне келе алмаған Еуропа одағы үшін биылғы жыл ойдағыдай өтті. Жыл басында Еуропалық банк одақтың жалпы ішкі өнімі 1,8 пайызға ұлғаяды деп болжаған, алайда жыл қортындысы бойынша бұл көрсеткіш әлі де өсе түседі деп күтілуде. Жалпы ішкі өнімнің өсуіне басты себеп ретінде мамандар сырттан сатып алатын шикізаттың арзандауы мен еуроаймақ ішіндегі тұтыну көлемінің ұлғаюын атайды. Еуропалық комиссия еуроның инфляциясының алдын алу мақсатында биылғы жылдың наурыз айында құрылымдық өзгерістерді қолға алғанының нәтижесінде еуроның инфляция көрсеткіші 0,15% шамасында болады деп күтілсе, бюджет тапшылығы 2%-дан аспайтыны айтылуда.
Экономикалық өсімі шикізат бағасына кері пропорционал Қытай үшін мұнай бағасының арзандауы тиімді көрінгенімен, жаһандық дағдарыс бұл елді де айналып өткен жоқ. Әлемнің басты экспорттаушысының биылғы экспорт көлемі 15%-ға бір-ақ құлдыраған. Өткен жылы 7,4 пайыз экономикалық өсім көрсеткен Қытайдың биылғы шамасы 6,8 деңгейінде сақталады деп болжануда. Халықаралық сауда көлемінің азаюына қарамастан, Қытай дағдарыс кезінде ең аз зиян шеккен ел ретінде жылды қорытындыламақ. Бірнеше жылдан бері юаньнің долларға шаққандағы курсын жасанды ұстап отырған ел үкіметі биыл дегендеріне жетті. Халықаралық валюта қоры Қытай ақшасын халықаралық валюта ретінде қабылдады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, халықаралық сауда қорының оннан бір бөлігі юаньға тиесілі көрінеді.
Негізгі зиян шегушілер
Мұнай бағасының төмендеуі экспорттаушы елдердің барлығына бірдей ауыр тиді деуге болмайды. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб әмірліктері бағаның төмендеуі есебінен нарықтағы өз үлестерін арттыруды көздеудеп отыр. Алайда Венесуэла сияқты резервтік қуаттылығы жоқ картель мүшелері үшін бұл бюджетке түскен үлкен ауыртпалық. ОПЕК құрылғалы бері 55 жыл өткеніне қарамастан, мүше мемлекеттердің мұнай өндіруінде ешқандай норма бекітілмегенін сынаған Венесуэла президенті Николас Мадуро желтоқсанның басында өткен ұйым жиынында мұнай бағасы мен оны өндіру көлеміне белгілі бір норма қабылдауымыз керектігін алға тартқан болатын. Алайда ОПЕК елдерінің бір-біріне қайшы мүдделері шикізат дағдарысын одан сайын үдете түсті.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Орта Азия елдері мен Ресейдің биылғы экономикалық көрсеткіші орташа есеппен 2,4 пайыз құлдыраған. Өткен жылы бұл көрсеткіштің 1,8 пайыз деңгейінде болған еді. Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Ресей экономикасы келесі жылы 8 пайызға дейін төмендеуі ықтимал екенін айтса, ел үкіметі жалпы ішкі өнімнің 3,9 пайызға азаятынын мәлімдейді. Ресми мәліметтер рубльдің инфляциясын 12 пайыздан асатынын көрсетеді. Ал ТМД елдері бойынша ең әлсіз валюталардың бірі болған теңге инфляциясы биыл 9,4 пайызға жетіп жығылды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, еліміздің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 2 пайыз өспек. Жыл басында 2,2 пайыз шамасында болады деп күтілген бюджет тапшылығы жыл қорытындысы бойынша 3 пайызға көтеріліп отыр.
Шикізат дағдарысы қаржы секторына да ауысады
Шикізат құнының арзандауы мен сауда санкцияларынан бастау алған жаһандық дағдарыс келер жылдан бастап банк секторы мен қаржы саласын да қамтуы мүмкін. Федералды Қор Жүйесінің желтоқсандағы шешімімен ФҚЖ-нің коммерциялық банктерге беретін несиесінің пайыздық үстемесін 0,5 пайызға дейін өсіруі бірқатар мемлекеттердің қаржы ұйымдарының дағдарысқа қарсы шараларды қолға алуына алғышарт болды. Мәселен, Еуропа Орталық банкі еуроаймақ экономикасын ынталандыру мақсатында пайыздық үстемақыны төмендету шараларын қолға алса, Жапония ақша-несие саясатын оңтайландыра бастады. Мемлекеттің араласуымен валюта құнын жасанды ұстайтын Қытай келер жылы юань курсын өзгертпек. Нәтижесінде шығыс Азиядан тарайтын дағдарыстың жаңа толқыны жаһандық сипат алады, дейді американдық сарапшылар.
Бауыржан Мұқанов