$ 494.87  520.65  4.91

Жанармай бағасы төмен, шығыны жоғары

2016 жылы жанармай бағасының қалай құбылатыны халықтың көкейіндегі басты сауалдардың бірі. Өткен жылы бірнеше рет ауытқып барып жыл соңында белгілі бір деңгейде төмендеген жанармай бағасы биыл тағы да жаһандық экономика шеңберінде біраз құбылатын түрі бар.

Өткен жылы айтарлықтай өзгерістерге ұшығараған мұнай нарығы биыл бір қалыпқа келді. Геосаяси қатынастар мен дүниежүзілік нарықтың күн тәртібіндегі мәселелері бір жақты болып, қара алтын бағасы алдағы бір жылда тұрақты болады деген пікірде халықаралық сарапшылар. Нәтижесінде жанармай бағасында да айтарлықтай өзгерістер болмауы тиіс. Жалпы, халықаралық қаржы институттарының берген мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылдан бері жанармай бағасында тұрақты арзандауы байқалады. 

Қазақстандағы жанармай бағасына әсер ететін басты фактор – ресейлік нарықтағы болуы мүмкін өзгерістер. Өткен жылдың ортасында жанармай күрт қымбаттағанда «ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасы Сауат Мыңбаев мәселені Ресейден келетін арзан жанармай бағасымен түсіндірген еді. Ішкі сұраныстың ауқымды бөлігін Ресейден таситын Қазақстан баға саясатында тікелей Ресейге тәуелді болып отыр. Мәселен, жыл басынан бері Ресейде жанар-жағармайға жаңа акциз қолданыла бастады. Жаңа заң жанармайды әлі қымбаттатпай, оған себеп сұраныстың төмендігі. Мамандардың айтуынша, жыл он екі айдың ішінде осы қаңтар-ақпан айлары нарықтағы ең пассивті кезең. Ал наурыз айынан бастап сұраныс көбеймек, нәтижесінде баға былтырғы наурыз айындағы көрсеткіштен жоғары болады деген қауіп бар. Дегенмен, бұның Қазақстандық нарыққа ықпалы болмауы мүмкін, егер Үкімет қазіргі баға саясатынан айнымаса. Ал маусым-шілде мен күзгі орақ науқанында бензин бағасының шарықтайтыны белгілі.

2015 жыл теңгенің девальвациясымен қатар, жанармай бағасында да аумалы-төкпелі кезеңдермен есте қалды. Үкіметтің бір араласып, қайта қоя берген бағасы қоғамдық ажиотажға айналып барып тоқтады. Сол кезде бағаның 180 теңгеге дейін баратыны туралы болжам жасаған сарапшылар да болды. Үкіметтің нарыққа араласпаған жағдайында шын баға осы маңайда болатын еді, дейді жанармай қауымдастығы өкілдері. Күз кезіндегі орақ науқанында Үкімет мәселені Әзірбайжанның мұнай өнімдері арқылы шешпекші болды. Ресейлік компаниялардың мүдделеріне қайшы бұл бастама ақыры аяқсыз қалды.

Бағаны қолдан арзан ұстап тұру үшін бюджеттен қанша қаражаттың шығын болатыны туралы ешқандай мәліметтің берілмейтіні анық. Бұл былтырлары теңгенің құнын белгілеу үшін Ұлттық банктің шығындалғаны секілді болса керек. Ішкі нарықтың жартысына жуығын Ресейден әкелген Қазақстанның өзін өзі жанармаймен қамтуы үшін елдегі үш мұнай өңдеу зауыттың жаңғыртылуы керек екені тоқсаныншы жылдардың соңынан бері айтылып келе жатыр. Естеріңізде болса, 2009 жылғы Президенттің «Дағдарыстан дамуға» Жолдауында, әлгі үш зауыттың жаңғыртылатыны айтылған болатын. Әрекет әлі жоқ. Өткен желтоқсан айында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 2017 жылдың соңына дейін бұл зауыттардың жөнделетінін айтты. Ол үшін қаражат та қарастырылып қойылыпты. Соған қарағанда мұнай өңдеу зауыттары жекешелендірілмейтін болған. Немесе бюджет қаражатына жөнделініп, жеке меншік кәсіпорындарға сатылып кетпек. Олай болған жағдайда бензин бағасы қазіргіден анағұрлым қымбаттауы бек мүмкін.

Осы аптада отандық БАҚ беттерінде Қазақстан әлем бойынша жанармайы арзан елдердің бірі екені жайлы ақпарат тарады. Кестеге сәйкес, арзан баға Араб әлемі мен экспорттаушы дамушы елдерде болса, Еуропа елдерінде баға қымбат. Дегенмен, әр елдің өзіндік баға белгілеу саясатына үңілетін болсақ, бірқатар айырмашылықтарды көруге болады. Мәселен, Еуропадағы жанармай қымбаттығының өзіндік себептері бар. Біріншіден, ЕО заңы бойынша, онда көлік салығы деген жоқ. Төленетін салық жанармай бағасының ішіне кіргізілген. Тиісінше, жанармай жаға отырып қоршаған ортаға зиян келтірген жүргізуші өзінің келтірген шығынына сай салық төлейді. Бұл жерде көлік қозғалтқышың көлемі де қарастырылған. Көлік жанармайды неғұрлым көбірек «жейтін» болса, соғұрлым салық көп. Екіншісі – сапа мәселесі. Қазақстанға Еуро стандарттарын кіргізе бастағанымен, жергілікті жүргізушілер әлі күнге дейін жанармай сапасының нашарлығына шағымданады.

Айналып келгенде, баға арзан болғанымен, шығын қымбат. Бағаны орнатуда Үкіметтің араласуы бюджетке бір шығын келтірсе, тауарлары арзанға сатылған отандық МӨЗ пайдасы азайып, бюджетке қайта түсетін салық көлемі тағы азайып отыр. Оның үстіне, өткен жылы жанармай 4,9%, дизель отыны 9,6% аз өндірілген. Тиісінше, сырттан сатып алатын өнім көлемі және ұлғайып отыр. 

Бауыржан Мұқанов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары