– Кезінде Қаратай Тұрысов «Біз ешқандай да Американың даңғыл жолымен, не болмаса Жапонияның жемісті жолымен де, «Азия жолбарыстарының» ізімен де жүріп бара жатқан жоқпыз» деген екен. Жалпы, бүгінгідей дағдарыс кезеңінде Қазақстанның экономикалық бағыты қандай болғаны жөн? Бұл туралы экономист ғалым Жангелді Шымшықовтың пікіріне құлақ түріп көрейік.
«Әр мемлекет өзіне ыңғайлы кәсіппен айналысады»
...Әлемдік экономикада халықаралық еңбек бөлінісі деген ұғым бар. Халықаралық еңбек бөлінісі бойынша, әр мемлекет өзінің артықшылықтарына сәйкес экономикалық құрылым қалыптастырып, сол артықшылықтарын кәдеге жарататын өндіріс салаларын дамытуға тиіс. Әуел бастан, Қазақстанның негізгі артықшылығы – астық өндірісі. Оның ішінде аса сапалы бидай өсіру. Қазақ жерінде өске бидайдың сапасы өте жағары. Нан және нан өнімдерін жасауға таптырмайтын, қамырлылығы аса жоғары астыққа дүние жүзінің сұранысы өте жоғары.
Тағы бір айта кетерлігі, Ыбырай Алтынсарин айтты дейтін бір сөз бар: «Қазақ даласы дүние жүзінің мал қорасы бола алмаса да, Ресейдің мал қорасы бола алады» деген. Бұл біреу үшін мал өсіріп береміз еген әңгіме емес. Бұл біздің шаруашылығымыздың бір қырын көрсетететін сөз. Олай дейтініміз, осы далада салмағы 120-150 келіге дейін тартатын ой тұқымы өсірілген. Семіздіктен жүруден қалған асыл тұқымды қойлардың артына кішкентай арба жегіп, құйрығын соған салып қоятын болған. Жәрмеңкелерге 10 мың жылқы айдаған жылқылы байлар болған. Бұл менің ойдан шығарып отырғаным емес. Тарихи фактілер. Яғни, төрт түлікті мыңғыртып өсіретін өріс бар, мал шаруашылығын дамытуға аса ыңғайлы жер бар. Бұл аса көп шығынды да қажет етпейді. Егер мал шаруашылығын дамытып, төрт түлікті бағудың қазіргі заманғы вахталық тәсілін қалыптастырғанымызда, дағдарысқа ұшырамас едік. Түсетін пайдасы да бар, халықтың көп бөлігін жұмыспен қамтуға да болады.
«Экономиканың әліппесі: аз импорттап, көп экспорттау»
...Мал өнімдерімізбен дүние жүзін таңғалдыруға қашан да мүмкіндігіміз бар. Жүннен, теріден жасалған бұйымдарды, жылқы етінен жасалған деликатестері жаңа технологиямен көптеп шығара аламыз. Деликатестердің үйдегідей қолмен пісіретін емес, кәдімгі фабрикалық дәрежедегі өнімін жолға қойса, оған әлем елдерінен сұраныс болатындығына шүбә жоқ.
Мал шаруашылығын брэндімізге айналдыруымыз керек. Бұл бағыттағы жобалар инвестициялық шығындарды аса көп қажет етпейді. Бірақ, өкініштісі сол, үкімет соны қолға алуға, мемлекеттік бағдарлама жасауға күні бүгінге дейін мойын бұрмай келді. Біздің үкіметіміз көбінесе басқа елдер шығарып жатқан дайын өнімдерге құмартып, солардың технологиясына еліктеуден аса алмады. Қазақстан ешқашан немістер сияқты сапалы автокөлік шығара алмайды. Жапондар сияқты электронды құрал-жабдық түрлерін де жасай алмаймыз. Бізде халық саны аз. Он миллион қазақтың қырық пайызы ауылда тұрады. Олардың ой-өрісі де, дәстүрлі түрде айналысатын кәсібі де мал шаруашылығына негізделген.
Қазақстан неғұрлым сырттан аз сатып алып, дайын өнімді көбірек экспорттауға тырысса ғана ұтады. Әлемдік тәжірибедегі экономиканың әліппесі осы қағида. Ал шикізат сатудан басқа еш нәрсе қолынан келмейтін ел ешқашан дағдарыстан шыға алмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
«Ашық экономиканың пайдасы да, зияны да бар»
...1997 жылдан бастап ашық экономика құруды мақсат етіп қойдық. Содан кейінгі жылдары осы мақсатымыз жүз пайыз орындалды деуге болады. Қазақстанның ішкі нарығы ынында да әлемдік экономикалық үдерістер үшін айқара ашылды. Дүние жүзінің өнімдері бізге аста-төк болып ағылды. Инвестиция миллиардтап құйылды. Ашық экономика ақыр соңында біздің басқа елдердегі экономикалық процестерге тәуелді етіп, дағдарыс қаупін күшейтті.
Негізі, өзге елдермен тығыз экономикалық байланыс орнатқымыз келсе, онда экономикамызды ашуға тиістіміз, бұл дұрыс. Алайда, ашық экономика – ашық-шашық экономика дегенді білдірмейді. Экономикамызды әлемдік нарыққа ашып бергенсін, қол қусырып қарап отырғанымыз біздің ең үлкен қателігіміз. Енді ғана отандық тауар өндірушілер шетелдік кәсіпорындармен бәсекелеса алуы үшін оларға барынша қолдау көрсетіле бастады. Арнайы несиелендіруге, қолдауға бағытталған бағдарламалар қолға алына бастады. Импорттың топанына төтеп беруге біздің елдің экономикасы енді ғана кірісе бастады.
Айзере САМАРҚАН