Кеше Ресей президенті Владимир Путин Ставрополь қаласында кремльшіл белсенділермен кездес іп, Ленин саясатын сынға алыпты. Путин ның айтуынша, коммунистер көсемі мемлекетке « жасырын бомба қой ған» көрінеді. Нақтырақ айтсақ, Путин Лениннің совет республикаларына өз алдына бөлініп шығуына құқық бергеніне қарсы. Ресей президентінің пікірінше, бұл идея 1991 жылы Совет одағының ыдырауына ықпал еткен.
Бұған дейін Путинның «Кеңес одағының құлауы – ХХ ғасырдың геосаяси апаты» деп мәлімдегені естеріңізде болар. Міне осындай пікірдегі президенттің Ленинді ұнатпай, сынауы қалыпты жағдай болса керек. Алайда, ол Ленинді әлі де құрметтейтін коммунистер мен кейбір ресейліктердің шамына тимеу үшін Ресей тарихы туралы қатты сын айтпайтын. Десек те, бұл жолы Ресей президентінің пікірі бұрынғыдан қарағанда қатқылдау шықты. Осы ретте «Путинның Ленинді сынаудағы мақсаты не?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін.
Сарапшылар Путиннің бұл сынын оның Кремльдің Украинаға қатысты жүргізіп отырған саясатын ақтау әрекеттерінің бірі болуы мүмкін деп есептейді. Себебі, Кремль Украинаға тиісті Қырымды тартып алып, әп-сәтте өз құрамына қосып алды. Бұл аз десеңіз, Украинаның екі бірдей қаласына ресейлік сепаратистер – Донецк және Луганск халықтық «республикаларын» құрып үлгерді. Мұның бәрі айналып келгенде Ресей билігінің ықпалында іске асып жатқаны көпшілікке мәлім.
Сондай-ақ, Ленинді сынау Кремльдің Ресей аймақтарындағы сепаратистік көңіл-күйге алаңдайтынын да көрсетуі ықтимал. Өйткені, соңғы кездері Ресейдің ықпалындағы мемлекеттер өз алдына бөлек мемлекет болғысы келетінін байқатып жүр. Сондықтан да, азаттыққа деген ұмтылыс уақыт өткен сайын артпаса кемімесі анық. Бұл әрине, «КСРО-ны қайта қалпына келтіремін» деп жанталасып жүрген Путинге ұнамайды. Алайда, ол «Құдайдан мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылуы» әбден мүмкін. Себебі, АҚШ пен Еуропа елдері Ресейді әлсірету үшін жоспарлы түрде жұмыс жасап жатыр.
Біздің пайымдауымызша, Владимир Путинның Ленинның саясатын сынап, айыптауы қисынды емес. Өйткені, Ленин Кеңес үкіметінің Конституциясына «одақтас республикалар кез келген уақытта бөлініп кетуге мүмкіндігі бар» деген бапты амалсыздан енгізді. Нақтырақ айтсақ, алаш арыстары және өзге де мемлекет қайраткерлерінің табандылығының арқасында республикалар бөлініп кетуге мүмкіндік алды. Ал, сол кезде бұл бапты енгізбей қарсы тұруға коммунистердің шамасы жетпеді.
Біз, әрине Лениннің саясатын ақтап, оны «сүттен ақ, судан таза» деуден аулақпыз. Өйткені, башқұрт көсемі Зәки Уәлиди « Ленин – диктатар, бірақ тиран емес » деп айтқан болатын. Бұл сөздің астарында Ленин диктатор болғанымен Сталин сияқты тиран болмаған деген мағына жатыр. Бір қызығы, Путинге диктатор Лениннен гөрі тиран Сталин жақын болып отырған сияқты. Өйткені Сталинның саясатын Путинның сынағанын бұрын соңды естігеніміз жоқ.
С.АСЛАНБЕК