Бүгін Қазақстан халқы алғаш рет Алғыс айту күнін атап өтті. Әр жылдың 1 наурызына белгіленген айтулы мерекені атап өту идеясын былтыр Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы аясында өткен жиында Мемлекет басшысының өзі ұсынған болатын. Ағымдағы жылдың қаңтарында ол арнайы Жарлықпен бекітілді.
Мерекенің басты идеясы - ҰОС, тың игеру жылдарында Қазақстанға көшірілген өзге ұлт өкілдерін бауырына басқаны үшін қазақтарға алғыс айту болып табылады.
Елімізге танымал журналист Өмірзақ Ақжігіт болса күнтізбеге тағы бір айтулы дата енгізуді ұсынып отыр. Оның пікірінше, таяқтың екі ұшы бар секілді Алғыс айту күнімен бірге Қарғыс айту деген күнді де қазақтар атап өтуі тиіс.
"Ақ пен қара, жақсы мен жаман, оң мен теріс, ет пен терідей, қамшы өріміндей, жұбы жазылмай бірге жүруге жаратылған о бастан. Ендеше, алғыс айтатын адамдарымыз белгілі - ата-анамыз, сүйген жарымыз, ұстаздарымыз, достарымыз, т.б. Ал, қарғысты кімге айтамыз? Жоқ, әлде мүлде айтпай-ақ өтуіміз керек пе?" дейді журналист Өмірзақ Ақжігіт.
Иә, қарғысты кімге айтамыз?..
Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқан уақыттан бері қаншама нәубатты бастан кешірген. Мәселен:
- XVIII ғасырдағы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деген атаумен тарихта қалған Жоңғар шапқыншылығы;
- Филипп Голощекиннің қырғыны, яғни өткен ғасырдың 20-шы және 30-шы жылдарындағы екі ашаршылық. Отандық тарихшылардың деректеріне сүйенсек, жұттан қазақтардың үштен екісі, яғни 4 миллиондайы қырылып қалған;
- Сталиннің репрессиясы. Бұл Голощекин қырғынының жалғасы. Жиырмасыншы жылдардың соңында басталған қуғын-сүргін Сталин өлгенге дейін жалғасты. Репрессияға негізінен қазақтың зиялылары, Алаш қайраткерлері іліккен болатын. Салдарынан 103 мың қазақ қуғынға ұшырап, олардың 25 мыңдайы атылды;
- 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. Алматыдағы алаңға жиналған жастарды Колбиннің бұйрығымен әскерилер басып-жаншып, салдарынан бірнеше адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың нақты саны белгісіз;
- Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ зиялыларына жасалған қастандықтар. Салдарынан қазақ халқы Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқаділов сынды саяси қайраткерлерінен айрылып қалды.
- Жаңаөзен оқиғасы. 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенде орын алған толқуларды басу кезінде ішкі істер органдары суық қару қолданып, салдарынан 15 адам қаза тапты.
Қарғыс айту күнінің қазақстандық күнтізбеге енгізілетіні әрине, екіталай. Дегенмен, мұндай күн болған жағдайда қазақ халқы кімге қарғыс айтуы тиіс?