$ 442.05  474.14  4.74

Өз жерінде қор болған қазақ ұлтының өкілі Елбасыдан қазақ тіліне жанашырлықпен қарауды сұрады (ВИДЕО)

Кешегі Мәжіліс пен мәслихат сайлауын билік өкілдері қанша жерден әділ және заңбұзушылықсыз өтті дегенімен, бір адамның бірнеше рет дауыс беруі, жәшікке бюллетеньдерді топтастырып салу сынды заңсыздықтар аз орын алған жоқ. Мұндай жайттарды қарапайым тұрғындар бейнекамераға түсіріп, интернетке жүктеп жатты.

Ал, Шымкентте де дәл осы сайлау күні №935 сайлау учаскесінде қазақ тілін кемсіту секілді заңсыздық орын алды дейді жергілікті мұғалімдердің бірі. Оның айтуынша, дауыс беруге келген әйел қазақ мұғалімдерін орыс тілін білмегені үшін әбден балағаттап, Н.Назарбаевтың "орысқа орысша жауап бер" деген сөзін естеріне түсіріпті.

«Дауыс беруге келіп жатқанда келеңсіз оқиғаға тап болдым. Анығын айтқанда, орыс ұлтының азаматы біздің мұғалімдерге «сендер орысша білмейсіңдер, орысша сөйлей алмайсыңдар. Жұмыстарыңды босатыңдар. Неге отырсыңдар, Назарбаев сендерге не айтты?» деген сияқты өктем-өктем сөздер айтып, біздің намысымызды жерге кіргізердей болды... «Сен кімсің, сені жұмыстан шығару керек. Сен орысша сөйлей алмайсың да, білмейсің де» деген сияқты әңгімелер айтты. Сайлауға келіп, осындай намысым тапталғанынан мен қорланып бара жатырмын... Бұл қалай енді? Мен оған ешқандай артық сөз айтпасам, білгенімізше айтып жатырмыз. Енді біз қазақ мектебінде қазақ ұлтын тәрбиелеп отырып, мен не үшін анаған да, мынаған да орысша сөйлеуім керек?» дейді ашынған мұғалім көзіне жас алып.

«Ел ел бола алмай жатқан кезде, қазақ қазақ бола алмйа жатқан кезде мен не үшін тілімді бұрмалап орысша айтуым керек?! Оның пікірінше, мына жерде отырған мұғалімдердің бәрі мұғалімдікке лайық емес екенбіз, өйткені орысша білмейміз. Сонда біздің өз ұлтымыздың балаларын қазақша тәрбиелеуге құқымыз жоқ па? Қатты намысыма тиді. Біз енді бұл мәселені айтып кімге шағымдана аламыз? Ел ағалары бар, "Нұр Отан" бар, бұл мәселені шешуі керек. Егер осылай әркімнен теперіш көре берсек онда қазақ тілінің өлгені бұл» дейді қазақ мұғалімі.

Естеріңізге салайық, жыл басында Алматыға іс-сапармен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокуратураға орысшаға қазақша жауап берген мемлекеттік қызметкерлердің бәрін жұмыстан қуу керек деген тапсырма берген болатын. Елбасының бұл сөзіне қазақтілді қоғам әлеуметік желілер арқылы жаппай наразылық білдіргеннен кейін Ақорданың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев Назарбаевтың айтқанын басқаша тәпсірлеп берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары