$ 442.05  474.14  4.74

Былтыр ОҚО-да 840 жеткіншек қыз жүкті болып қалған

Астанадағы мектептер мен колледждерде уролог, гинеколог, дерматовенеролог, диетолог, гастроэнтеролог сынды дәрігерлер семинар-сабақтар өткізетін болады. Бастаманы «Асыл бала» Республикалық қауымдастығы қолға алып отыр.

Ең алғашқы семинарды бүгін «Aйя» медициналық орталығының гинеколог дәрігерлері елордадағы Көлік және коммуникация колледжінің студенттеріне өтті. Жиында жыныстық жолмен берілетін аурулар, ерте жүктіліктің алдын алу және қарапайым базалық гигиена жайлы айтылды. Семинар ұлдарға мен қыздарға бөлек-бөлек жүргізілді. Сондай-ақ, гастроэнтеролог- диетолог мамандар газдалған сусындар мен фаст-фуд өнімдерінің зияны туралы да баяндама жасады. Бағдарламаны жүргізу мақсаты – жасөспірімдерге дұрыс жыныстық тәрбие беріп, дұрыс тамақтану қажеттілігін түсіндіру дейді қауымдастықтың өкілдері.

«13-14 жастағы қыздар ана болуға дайын емес. Оны психологтар дәлелдеп отыр. Қазіргі кезде қоғам арасында дүрбелең туғызып отырған қоқыстағы сәбилер осының дәлелі. Біз осының алдын алу мақсатында аталған шараны өткізіп отырмыз» дейді колледж директоры Зулфухар Ғайпов.

Дәрігерлердің мектеп аралап, мұндай семинарлар өткізуі бекер емес. Өйткені, елімізде соңғы кезде кәмелетке толмаған қыздардың жүкті болып қалу фактілері жиілеп кетті. Ең көп дерек оңтүстік облыстарында орын алады екен. Мәселен, ОҚО-да былтыр - 840, Жамбыл облысында 340 кәмелетке толмаған жеткіншек жүкті болып қалған. Ал, жыл басынан бері Ақтөбе облысында аяғы ауыр 28 жасөспірім тіркеліпті. Жалпы, әр жыл сайын Қазақстанда шамамен 2 мыңдай қыз бала ерте жаста ана атанып жатады және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

Шараға қатысқан медицина мамандары ерте босанған қыздың репродуктивтік денсаулығы жетілмегендіктен өзі мен баласы әлжуаз болатынын айтты. Ойланбай жасаған қадамның соңы қайғылы жағдайға дейін әкеліп соғуы ықтимал екендігін тағы да бір рет түсіндірген қауымдастық өкілдері алдағы уақытта мұндай шаралардың жүйелі түрде өткізілетінін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары