$ 441.58  480  4.86

Атақты ғарышта бешбармақ жегенге емес, жүздеген адамның өмірін сақтаған ұшқыштарға берсе жарасады

Бүгін таңертең Астана әуежайына бортында 121 адамы бар Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатты жағдайда келіп қонғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ұшқыштардың шеберлігінің арқасында қайғылы жағдай орын алған жоқ. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі ұшақты басқарған Дмитрий Родин мен Николай Семерячинскиді мемлекеттік наградаға ұсыну керектігін айтуда.

Қазақстандық тәуекелдерді болжау институтының директоры, танымал қоғам белсендісі Сырым Әбдірахманов мемлекеттік наградаларды оңды-солды тарата бермей, бейбіт күннің нағыз батырларына беру керектігін айтып отыр.

«Әлемдік авиацияның тарихында дәл мұндай жағдайда бортты құтқару фактілері тым сирек кездеседі, миллионнан бір десе де болады. Әрбір жолаушының баласы, ата-анасы, туыстары бар, яғни бұл жағдаймен мыңдаған тағдыр байланысты. Мына суреттегі екі адам мемлекеттің 20 миллион долларына ғарышқа барып, бешбармақ жеп, келген соң мемлекеттік наградаларды иеленген жандар емес. Бұлар нағыз халықтың батырлары. Аты-жөндері: Дмитрий Родин мен Николай Семерячинский. Олар көрінгенге беріле беретін наградаларға емес, «Халық қаһарманы» атағына лайықты» дейді С.Әбдірахманов өзінің Фэйсбук-парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев оқиға болған жерге барып, пилоттардың өзімен кездесіп қайтқан болатын. Министр аталған ұшақты апатсыз қондырғандарды мемлекеттік наградаға ұсынатынын Фэйсбуктегі парақшасы арқылы мәлімдеді.

ФОТО: Ratel.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары