Астанада жемқорлық дерегі бойынша айыпталып жатқан "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевтің сот процесі басталды. Экс-шенеуніктің қылмыс жасағанына сенбейтіндер халық арасында көп болғанымен, ашық мәселе көтеріп шыққандары жоқ. Дегенмен, бүгін ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильин Ермегияевті қолдап, елордадағы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотқа келіп, процеске қатысты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Илья Ильин Талғат Ермегияевті білікті басшы, сенімді дос ретінде көретінін айтқан болатын. Ал, оның қаншалықты қылмыс жасағаны мен үшін белгісіз деді ол.
«Шынымды айтайын, осынау жаңалықты естігенімде жағымсыз күйде болдым. Талғат Ермегияевті білікті басшы ретінде білемін. 2012 жылы онымен жақсы жұмыс істестік, Олимпиаданың екі дүркін чемпионын елге алып елдік. Бұл іс бойынша ешнәрсе білмеймін, айта да алмаймын. Ал, адам ретінде ол өте жақсы кісі, екеуміз дос болдық. Мұндай басшыны бұрын көп көрмегенмін» деді Ильин сот процесіндегі үзіліс кезінде.
Бұл әрине, Ильяның азаматтығы, досқа деген адалдығы. 2012 жылғы Лондон олимпиадасына даңқты спортшымыз осы кіші Ермегияевтің басшылығымен (Ол кезде Т.Ермегияев ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы болатын) барып, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы атанған болатын. Жалпы, сол жылғы Олимпиадада Қазақстан спортшыларының бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жеткені әлі есімізде.
Кіші Ермегияев деп бекерден айтып отырғанымыз жоқ. Талғаттың әкесі Амангелді Ермегияевтің де шарапатын біраз жұрт әлі ұмытқан жоқ. Әсіресе, айтыскер-ақындар. Кезінде айтыс өнерінің қайта дамуына зор үлес қосқан Амангелді Дінұлының қолынан бірнеше көліктен алған кейбір ақындардың бүгінде "түкірігі жерге түспейді". Алайда, әкелі-балалының басына іс түскенде олардың ешбірі сөзжәрдем беруге де жараған жоқ.
Біз Талғат Ермегияевті сүттен ақ, судан таза деп отырғанымыз жоқ. Оның айыбының бар-жоғын сот анықтайтын болады. Алайда, адамгершілік қасиет деген тағы бар, аузынан "Аллаһы" түспейтін айтыскер-ақындар осындайда тым құрығанда Ильин секілді сотқа келіп, Ермегияевтерді қолдауға жараған жоқ.
Танымал тележурналист Серік Абас-шахтың айтуынша, елімізде әкелі-балалы Ермегияевтердің жақсылығын көргендер көп, алайда, олардың көбі ішерін ішіп, жерін жеп болған соң, "кереует астына тығылып жатыр".
«Әкелі-балалы Ермегияевтардың жақсылығын көрген адам көп қой. Әсіресе, өнер саласында... Көбісі "ішерін ішіп, жейтінін жеп" алып, енді "керует астында тығылып жатыр". Талғатты сот шешімінен бұрын қорғайын деп отырған жоқпын. "Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды". Халық қазынасынан бірдеңе жырып қалу, қазақ атқамінерінің қанына сіңген қасиет. "Ұлттық мінез". Талғат та басқа әріптестері сияқты қарпып қалушының бірі болса керек-ті. Бірақ, адами қарым-қатынас деген бар емес пе? Жаны қысылған азаматты (тым құрығанда) руxани жағынан қолдауға болады ғой. Мұндайда айтылатын бір ауыз жақсы сөздің өзі адамға үлкен қуат береді. Ал, сатқындық деген өте жаман нәрсе.. Соған қатты бейімдеу сияқтымыз» дейді С.Абас-шах.