$ 442.05  474.14  4.74

Жер сатуға қарсы шыққандардың бірі өзін өртеуді ұсынды

Жерді шетелдіктерге жалға беру немесе аукцион арқылы сату мәселесін көтерген үкіметтің басы дауда қалды. Соңғы бірер апта бойы қоғам белсенділері Елбасыдан бастап бүкіл жоғары инстанцияларға хат пен үндеулер жазып, жерді мемлекеттің меншігінде қалдыруды талап етуде.

Осылайша, қоғам шулап жатқан кезде Айгүл Орынбек есімді оңтүстікқазақстандық блогер "жерді шетелдіктерге сатса Қазақстан билігі крематорий салсын деген" ұсынысын айтты. Өйткені, өлгенде сүйегімді шетелдіктердің таптап жүруін қаламаймын дейді ол.

"Крематорий салынғаны дұрыс шығар. Жер сатылады деген жаңалықтарды оқыған сайын, өз жерімде өзге ұлттардың аяғының астында жататыным ойыма түсе береді. Ата-бабам осы үшін қан төкті ме деп тағы да мүжілемін. Ата-бабамда жер сату деген түсінік болмаған сияқты еді, жер сатамын деп ұрандап жүргендердің ата бабалары кімдер екен? Егер шынында да, жер сатылған жағдайда крематорийда салынсын! Өлгеннен соң сүйегімнің өртеніп пырақ болып ұшып кеткенін қалаймын. Өз жерімде, өз елімде өзге ұлттардың аяғында тапталып жатқанын қаламаймын!" деп жазады А.Орынбек өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.

Естеріңізге салайық, дау Шығыс Қазақстан облысындағы алтын кені бар үлкен жер телімінің ресейлік компанияға сатылуынан басталған болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ресейлік Polymetal International plc компаниясы "Казцинк" ЖШС-мен келісімге келіп, 100 миллион долларға Қазақстандағы Комаровский алтын кенішін сатып алған еді.

Комаровский кеніші еліміздің солтүстік-шығысындағы Жітіқара қаласынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Лицензиялы жердің жалпы аумағы 104 шаршы метр. 2015 жылдың 31 желтоқсанындағы мәліметке сәйкес, аталған кеніште 28 миллион тонна кен бар, әр кенде 1,5 грамм алтын бар. Бұл 280 метр тереңдікке дейінгі мәліметтер. Жердің одан арғы қабаты әлі зерттелмеген.

Жерді аукцион арқылы сату былтырдан бастап жүзеге асты. Атап айтар болсақ, 2015 жылдың желтоқсанында Үкімет 1,5 млрд теңгеге 49 кенішті жекеменшіктің қолына сатқан болатын. Бұл процесс биыл да жалғасын табады. Өйткені, сол кездегі аукционда тағы 51 нысан сатылмай қалып кеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары