$ 448.89  477.93  4.76

Үкімет мүшелері облыстарды аралап, жер сатудың пайдасы туралы айтып жүр

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің шенеуніктері облыстарды аралап, Жер кодексінің жаңа нормаларын талқылап жүр. Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе өңілеріне барған ведомство өкілдері 1 шілдеден бастап елдегі ауылшаруашылық жерлерінің сатылымға шығарылатынын айтуда.

Министрлік қызметкерлерінің айтуынша, жер сату мәселесі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген екен. Атап айтқанда, құжаттың 35-қадамында «Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу» туралы айтылса, 36-қадам «Жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу ресімдерін жеңілдету» деп аталады. Үкімет осы қос тармақты жүзеге асыру үшін енді бос жатқан ауылшаруашылық жерлерінің бәрін аукцион арқылы сатуды көздеп отыр.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңы қабылданды, ол 2016 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Аукцион барысында жердің сатып алушысы анықталмаса онда нысанның құны төмендетіліп, қайта сатылымға шығарылады.

Айта кетерлік тағы бір жайт, жерді сатып алған азамат оны қайта сата алады.

Ал, халықтың басым бөлігі Елбасының ауылшаруашылық жерлерін сату туралы бастамасына түбегейлі қарсы шығып отыр. Белсенді топ Президентпен бірге өзге де жоғары инстанцияларға хат жазып, биліктен жерлерді сатпауды талап етуде. Наразы топтың біразы жер шетелдіктердің меншігіне өтіп кетеді деп алаңдаса, өзгелері егістік пен жайылым жердің барлығы бай-бағландардың қолына өтеді деп мұңын айтып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары