Бүгін ҚР Бас прокурорын тағайындауға арналған жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда қызу талқыланып жатқан жер сату мәселесіне қатысты өз ойын айтты деп жазады Tengrinews.kz.
Айта кетейік, Жер кодексіне былтыр енгізілген өзгерістер аясында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап елдегі ауылшаруашылық жерлерінің бәрі жекеменшікке аукцион арқылы сатылатын болады. Елбасы жер телімдерінің шетелдіктерге емес, қазақстандықтарға ғана сатылатынын тағы да атап өтті.
"Заңда жерді шетелдіктерге сату туралы мүлдем көрсетілмеген. Жоқ ондай. Жердің иесі болу үшін оны қазақстандықтарға жекешелендіріп береміз. Жерді жарамсыз деңгейге дейін пайдаланып тастамау үшін осындай қадамға барып отырмыз. Жер халыққа жұмыс істеуі керек, бос жата бермей. Біздегі жердің бәрін латифундистер басып алған, бірі пайдаланып отыр, екіншілері жоқ. Бұл жер қазақстандықтарға бақыт алып келуі керек, ал қазір түсініксіз жағдайларда пайдаланылып жатыр. Халыққа дұрыс түсіндірмегендіктен осындай жағдай орын алып отыр" деді Мемлекет басшысы аталған жиын барысында.