25.05.2016, 06:19

Мәскеудегі қырғыздар қазақтардың да Ресейде дәретхана жуып жүргенін айтты (ВИДЕО)

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қырғыз гастарбайтерлері туралы айтқан сөзі қоғамда әліге дейін қызу талқыланып жатыр. Кеше "Россия для всех" порталында Мәскеудегі қырғыз жұмысшыларының біздің мәдениет министріне айтқан бейнежолдауы жарияланды.

Естеріңізге салайық, кеше атқарылған жұмыстарға есеп берген А.Мұхамедиұлы Ресей қалаларында дәретхана жуып жүрген қырғыз бойжеткендеріне жанашырлықпен қарайтынын айтқан болатын.

«Жасыратыны жоқ, Мәскеуге немесе өзге қалаларға ұшып келсең қоғамдық дәретханаларды жап-жас қырғыздың қыздары жуып жүреді. Бұл әрине, көңілге ауыр тиетіні сөзсіз. Нағыз жастық шағында неліктен олар дәретхана жуып жүр деп ойлайсың? Елінде жұмыс немесе болашақ болмаса әрине, қырғыздар өзге қалаларға барып күнелтуге мәжбүр. Осыны ертеректе біліп ескерткен Шыңғыс Айтматов — ұлы жазушы», - деген болатын Арыстанбек Мұхамедиұлы сол есептік жиында.

Министрдің бұл сөзіне жауапты қырғыз тарапы көп күттірген жоқ. Алдымен, Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі наразылық ветосын жолдаса, артынша Мәскеуде күнелтіп жүрген қырғыз әйелдер Мұхамедиұлына арнап бейнежолдау жариялады. Олардың айтуынша, Ресейдегі қоғамдық орындар мен дәретханаларды жалғыз қырғыз әйелдері емес, қазақтар да тазалайтын көрінеді. Олар сондай-ақ, біздің министрге ренжігендерін де жасырған жоқ. "Жаман ел жоқ, жаман адамдар бар. Менің қазақ еліне деген ойым жаман емес, тек министрдің айтқаны дұрыс болған жоқ" дейді қырғыз әйелі.