Иә, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы барлық сәтсіздіктеріне де «Шымкентсыра» компаниясының бұрынғы басшысы Тоқтар Төлешов кінәлі болуы әбден мүмкін. Айрандай ұйып отырған елге іріткі салып, билікті күшпен басып алмақ болған адамнан бәрін күтуге болады. Абырой болғанда, еліміздің құқыққорғаушылары шымкенттік олигархты дер кезінде қолға түсіріп, үлкен революцияның алдын алды.
Төлешовтің құрығының ұзын болғаны сонша, ол қамауда жатып-ақ елде көтерілістер ұйымдастырды, яғни сәуір мен мамыр айында болған заңсыз митингтерді қаржыландырды, адамдар жалдап көшеге шығарды, халық пен билік арасына от жағып, бей-берекетсіздік туғызды, әйтеуір, түрмеде жатса да тынышталмай, билікті басып алғысы келді. Құқық қорғау органдарының күні кеше таратқан мәлімдемесінен түсінгеніміз осы. Бірақ, сол тәртіп сақшыларының арқасында Төлешов бұл жоспарын да жүзеге асыра алған жоқ. Тәуба! Шүкір!
Естеріңізде болса, күштік құрылымдар «Шымкентсыра» басшысын биыл 30 қаңтар күні қамауға алған болатын. Ал, жер дауына қатысты орын алған толқулар араға 4 ай салып, яғни сәуір айының соңында орын алды.
Қамауда жатып-ақ мұндай көтерілістер жасай алса Төлешов Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаны да әзірлеуі мүмкін ғой?! Оның сыртқы күштермен байланыста болғанын отандық БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын. Мәселен, Төлешов өзбек кәсіпкері, көпшіліктің есінде қылмыс әлемінің серкесі ретінде сақталған Гафур Рахимовтың жан досы болған. Гафур әкәны жұрт кезінде Орта Азияның «қараушысы» болған деп те айтады. Демек, осы тектес сыртқы байланыстарын пайдаланып, террорлық актіні Тоқтар ұйымдастыруы мүмкін. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бұл нұсқаны да қарастырған жөн шығар.
Осыған қарағанда, қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанның үлкенді-кішілі сәтсіздіктерінің бәріне осы Тоқтар Төлешов пен оның жақтастары кінәлі болуы мүмкін. Елді басып алу деген бірер күнде шешілетін мәселе емес, оның бұл жобасы ондаған жылдар бойы жоспарланған шығар бәлкім... Осы жылдар ішінде Назарбаевтың абыройын түсіріп, ықпалын әлсірету үшін Төлешовтер не істемеді десеңізші?! Кешегі екі жыл қатарынан болған девальвация, автоөндіріс саласының оңбай құлдырауы, зауыттардың ашылмай жатып жабылып қалуы, ЭКСПО қаражатының миллиардтап тоналуы, 5 жыл бұрын орын алған бірнеше лаңкестік оқиғалар, Арқанкергендегі қайғылы оқиға, Протонның құлауы, тіпті, киіктердің жаппай қырылуы да шымкенттік олигархтың билікке жасаған соққысы болуы мүмкін.
Бірақ,Төлешовтің көздегені бұл жолы да жүзеге аса қойған жоқ. Оның бұл әрекеттерінен абыройсыз болған Елбасын көрген жоқпыз, қайта керісінше абыройы жыл сайын асқақтап келеді. Сарабдал саясатының арқасында халықтың әлеуеті артып, елдегі кедейлердің саны небәрі 3 пайызды ғана құрап отыр. Мұндай көрсеткіш әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Назарбаев Қазақстанды тағы он жылдай басқарса бұл 3 пайыз кедейді де байытар, оған күмәнданбаймыз. Сол секілді қазіргідей құқыққорғаушыларымыз барда Қазақстанның қауіпсіздігіне де күмәнсіз қараймыз.
Төлешовтің жазасын әлемдегі ең әділ соттардың бірі саналатын Қазақстан соты бере жатар. Ал, біздің оны күтіп жататын уақытымыз жоқ, Елбасының «100 нақты қадам» реформасын уақытынан бұрын жүзеге асыруымыз керек!
Редакцияға келген оқырман хаты!