$ 448.15  483.46  4.86

Бізде алдын алмайды, тек салдарымен күреседі

Күні кеше Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғадан қазақстандықтар әлі есін жиып үлгерген жоқ. Құқыққорғаушылар "бәрі біздің бақылауымызда" дегенімен, қалада үш күн бойы атыстың дыбысы толастамады. Бейбіт халыққа оқ атып, лаңкестік жасаған содырлардың көзі жойылды. Дұрыс, лаңкестермен Қазақстан ешқашан келіссөз жүргізбейді, келісімге бармайды, халыққа оқ атқандар қатаң түрде жазалануы тиіс. Бірақ... сол содырлар кешегі өз арамызда жүрген қаракөздер емес пе еді? Бұл жігіттер қалай "уланды"? Бұған жол бермеуге болмас па еді?

Билік Ақтөбеде лаңкестік жасағандардың адасқан діни ағым өкілдері екенін мойындады. Артынша  "Аңсар" кеңес беру және оңалту орталығының директоры Асқар Сабдин Қазақстанда салафизм иедологиясына тыйым салуды ұсынды. Бұл бастамаға билік әлі жауап бермегенімен, қоғам белсенділерінің көпшілігі қолдап отыр.  Яғни, көпшіліктің пікірінше, лаңкестердің пайда болуына осы салафизм және уахабизм секілді діни ағымдардың ықпалы зор.

"Ақтөбедегі жағдай радикализммен уланған жастардың әрекетінен болды. Бұл Таяу Шығыстағы терроризмнің идеологтарының насихатының салдары болуы мүмкін. Анығын тергеу көрсетеді. Ақтөбедегі теракт тиісті құқықтық шараларды қабылдауды талап етеді. Егер біз терроризмнің салдарымен ғана емес, себебімен де күресу керек деп ойласақ, салафизм идеологиясына саяси түрде тыйым салу керек деп ойлаймын", - деді Сабдин.

Ақтөбедегі жағдай болсын, тура 5 жыл бұрын орын алған Тараздағы, Атырау мен Алматыдағы, Шұбарши мен Кеңқияқтағы лаңкестік оқиғалар болсын - біздің елде идеологияның мүлдем жоқтығын көрсетті. Бұл жайттарға былтыр Қазақстаннан Сирияға соғысуға аттанған 500-ге жуық адамды тағы қосып қойыңыз. Мемлекеттік хатшы, мәдениет министрі, білім және ғылым министрі, дін істері комитеті, мүфтиятты айтпай-ақ қояйық, ең алдымен ұлттың қауіпсіздігіне жауап беретін комитеттегілер не қарап отыр? Қазақстанға діни радикалдар тоқсаныншы жылдардың өзінде-ақ кірген жоқ па? Жастардың лек-легімен осы ағымдарға кіріп кетуіне жол бермеуге болатын еді ғой?!

Біз кемі 15 жылға кешіктік...

Танымал ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың пікірініше, экстремизмнің алдын алу жұмыстарын біз 15 жылдай уақыт бұрын бастауымыз керек болған. Ал, енді онымен тек күрес жүргізе аламыз, жай күрес емес, сойқан күрес. Бұл туралы ойын ол өзінің Фэйсбуктегі парақшасында жазды.

«Бағана бір апамыз: "оңбағандарды аямау керек. Шетінен ату керек. Оларды атпаса, олар бейбіт тұрғындарды атады" деп кесім жасап отыр. Президент те солай депті. Дұрыс.

Мені алаңдататыны олардың да күні кеше бейбіт тұрғын болғандығы, олардың да ата-анасы, бала-шағасы, туыс-жекжатының барлығы. "Оларды аямау керек" ұраны әлдебір әпербақан саяси шешімдерге алып бара ма деген қаупім бар.

Біз мойындауымыз керек: Қазақстан қоғамы радикалданған діни топтарға бөлінгелі оншақты жыл болды. Сонау 2003 жылдары-ақ хизбут тахрир секілді нешетүрлі ағымдар өріп жүретін. Оған ерген жігіттер, қыздар біздің қасымыздан да шыққан еді. Содан бері мемлекет айналысқансып, шектегенсіп, өз халінше әрекеттенгенімен, оларынан түк шықпады. Террористік әрекеттер де өз өзінен энергия алатын қуатты идеология. Енді кеш... Енді бейбіт ел, бейбіт қала деген ұғым аз айтылса, таңғалмаңыз. Себебі, күрес басталған соң, оған қарсы жауап та сойқан болады. Себебі, біз 15 жыл, кемі осындай уақыт кешіктік.

Бұған кінәлі діни басқарма емес, оқыту жүйесі. Дінтану мамандықтары, мықты теологтар, уәжіне ұйыта алатын оратор имамдар көп болуы әрі олар елге жалтақтамайтын, пітір-садақаға қарамайтын, білімді діндәрлар даярлануы тиіс еді. Қазір имамдардың орнын уәжі де, тәсілі де, методикасы да мықты виртуалды ұстаздар басып алды. Олардың алдын орау үшін айрықша күш-жігер керек. Білім реформасы қасаңдықтан, жалғандықтан, көз бояушылықтан бас тартып, нақты реформа - үштілділік емес, рухани білім - ар ілімне негізделген реформа жүргізуіміз керек.

Сосын жат ағымға кіріп кеткен адамды атып тастаумен, өлтірумен ештеңе бітпейді. мемлекет олардың бала-шағасын, туыс-туғандарын қорқытып-үркітпей, солармен нақты, адамгершілік принципінде жұмыс жүргізулері міндет. Қазақтың саны ата беруге лайықты емес. 17 миллион қазақтың 17-ін бір түнде атқанымыз жеңіс емес, тереңіне үңілсек, жеңіліс. Олардың бұл жолға түсуінің түпкі себептерінің бірі әлеуметтік мәселелер екенін мойындауымыз керек.

Мен сосын мынандай бір үрейлі ситуацияны көріп отырмын. Адамдардың террорлық әрекеттерге еттері үйрене бастағандай. Осыдан 5 жыл бұрынғы қырғындар кезінде халық үдірейісіп, бұлай болуы мүмкін емес дегендей күй кешіп еді. Қазір осылай болуға тиісті дегендей, бейжай қабылдады. Бұл да ойлантарлық құбылыс» дейді ол.

Президенттің пікірінше, Ақтөбедегі лаңкестер сыртқы күштердің инструкциясымен әрекет еткен. Бұдан түсінгеніміз, террорлық актінің орын алуына біздің идеологтардың түк кінәсі жоқ. 5 жыл бұрынғы оқиғалардың кезінде де билік кінәні өзгеден іздеген еді. Тіпті, болған жайттарды теракт деп те бағалаған жоқ. Ауруын жасырған өледі демекші, біздің биліктегі идеологтар бұдан кейін де діндарлармен күресті күшейтпесе, Құдай бетін аулақ қылсын, бейбітшілік деген ұғымды аңсайтын күнге жетуіміз ғажап емес.

Азамат ЕСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары