15 тамыз — қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Осыған орай алдағы айдың 13-і мен 16-сы аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында «Менің Қазақстаным» атты дәстүрлі ән байқауы кезекті рет шымылдығын түреді. Бұл туралы аталған облыстың мәдениет басқармасы хабарлап отыр.
Шүкір, ұлы Шәмші туралы жазылған дүниелер аз емес. Қазірге дейін жазылған естеліктердің өзі бірнеше рет жеке жинақ болып жарық көрді. Алда тағы қанша дүние жазылады! Әркім бұл тақырыпқа өз білгені тұрғысынан келеді. Әркім Шәмшіні өзі таныған биіктен жазады. Демек, Шәмші тақырыбы біз үшін мәңгі тақырыптардың бірі болып қала бермек.
Өзімді Шәмші туралы жазуға моральдық құқы бар жандардың қатарына ешқашан қосқан емеспін. Мағыналы да мазмұнды ғұмыр кешкен жан тіршілігінде кіммен әңгіме-дүкен құрмады, кіммен сырласпады, кімнің үйіне қонақ болмады?! Солардың бәрі Шәмшітанушы бола берсе, солардың бәрі естелік жаза берсе тақырыптың киесі қашпай ма?! Басқаны қайдам, өз басым дәл осылай ойлаймын. Осы уақытқа дейін Қалдаяқов тақырыбына қалам тартпауымыздың негізгі себебі осы. Оның үстіне екінің бірі естелік жазып кетті. Ол естеліктердің ішінде не жоқ дейсіз?! Тіпті, бір танымал композитор мерзімді басылымдардың біріне берген сұхбатында қызды-қыздымен «Шәкеңнің ұстазы өзім едім» дегеннің о жақ, бұ жағындағы әңгімеге дейін барып қалады. Ақын інілерінің бірі өзінің айтысына қарағанда оған әнді қалай жазуға консультация беріп отырған. Әлгінің екеуі де жас жағынан Шәкеңнен бір мүшелден аса кіші. Таланты жағынан ғой, тіпті, тобығынан да келмейді. Міне, осындай-осындай жайттардың бәрінің тежеу салғаны рас.
Бізді осы бастапқы ойымыздан айнытқан қазақтың тағы бір талантты ұлы Қадыр Мырза Әли ағам болды. Ақынды Шымкентке бір келген сапарында педагогика ғылымының докторы, профессор, Қадағаңның ең жақсы көретін інілерінің бірі Жарылқасын Оңалбек ағамыз күткен еді. Сол бір әдемі отырыстың үстінде әңгіме ойламаған жерден Шәмші Қалдаяқов тақырыбына ойысты. Сөздің реті келгенде Шәмші ағам туралы мен де білетінімді айтып қалдым-ау деймін. «Өй, сен неге мұны жазбай жүрсің?» деді Қадыр ағам. «Елдің бәрі Шәмші Қалдаяқов туралы естелік жазып кеткен бүгінгі таңда мен солардың қатарын толықтырғаннан басқа не бітіремін?! Соның өзі қажет пе, аға?» деп жатырмын. Ал, ағам қашанғысындай қысқа қайырды. «Сен олардан мықты етіп жаз! Бірақ, қалай да жаз».
Мықты етіп жазудың қолдан келмесін сол кезде-ақ сезгенмін. Ал, бүгін, бүгіннен кейін де қолымыздан келмесе де тыраштанып қалам алып жатсақ, «мынау ұлы композитордың даңқын пайдаланып, өз атын шығарып қалмақшы ма, ей?!» деп жыға айыпқа бұйырмағандарыңызды қалар едім. Бізде бір-ақ ой. Ол — ағалар аманатын орындау ғана.
******
Ел ішінде Шәмші түсетін үй көп еді ғой. Өмірінің соңғы екі жылында біздің үйді таңдап жатса ол біздің мықтылығымыздан емес еді. Біріншіден, сол жылдары Шәкең үнемі жатып, емделіп тұратын Шымкенттегі №6 аурухана біздің үйдің дәл іргесінде. Күні бойы үйде болып, жатар орынға ауруханаға барады. «Көңіл-күйіңіз дұрыс секілді ғой, үйге-ақ жата салмадыңыз ба?» десек, «жүрекке сенім бар ма, түнде қиналып қалғандай болсам, шақырып әуре болып жатпайсың, дәрігерлер қасымда ғой, ауруханаға барайын» дейді. Екеуміз аяңдап, небәрі бір аялдамаға да жетпейтін ауруханаға қайта-қайта дем алып, бір сағаттай жүріп барамыз. Себебі, біздің үй ойға, аурухана қырға орналасқан. Ол кезде бір аялдамаға да жетпейтін жерге «кімді мазақ етіп тұрсың?» деп таксилер тоқтамайтын. Қазір ғой...
Кейде Шәмші ағам қулық ойлап табады. «Сен үйде адам ауырып жатыр деп «жедел жәрдемге» қоңырау шал, одан кейінгі тірлікті маған қалдыр» дейді. Айтқанын бұлжытпай орындаймын. Үйге жер-әлемді басына көшіріп «жедел жәрдем» келеді. Оларға ілесе «кім ауырып қалды, тыныштық па?» деп үйге көршілер лап қояды. Дәрігерлер келгенде Шәкем құшырланып, «Космосын» тартып отырады. «Шырағым, сендерді шақыртқан мен едім. Мен Шәмші Қалдаяқовпын. Негізі анау №6 ауруханада жатырмын. Дәл қазір еш жерім ауырып тұрған жоқ, садағаң кетейіндер, мені сол ауруханама апарып тастасаңдар жетеді» дейді. «Жедел жәрдеммен» келген бригада қазақтар болса түсінеді. Басқа ұлт өкілдері болса көбінде басын «ну и чтодан» бастап, айтпағандары қалмайды. Бірақ ең соңында әлгі «жедел жәрдем» таксидің рөлін атқарып, Шәкеңді №6 ауруханаға апара жатады. Кетерлерінде маған әлдебір қағаздарына қол қойдырып алады. Ағам «жедел жәрдем» көлігіне мініп жатып, «ертең азанғы сағат алтыда немесе жетіде келемін, дайын отыр» дейді баяу ғана.
Бір күні түстен кейін үйдегі моншадан шыққан соң далада қолының, аяғының тырнағын алып беріп отырғанмын. Жарықтық, жалғыз сол қолының тырнағын ғана өзі ала алатын. Ол кезде әр үйде «бес сомдық радио» деген болатын. Содан Шәкеңнің әндерінен концерт беріп жатыр екен. Ағам селт етпейді. Естімей отыр ма екен деп радионың даусын барынша көтеріп келдім. Ағам сол күйі. Сәл аңтарылып тұрдым да «аға, Сіздің әндеріңізден концерт беріп жатыр» дедім алабұртып. «Бере берсін ...» деді ағам. Сол сәт көзін бір кіреуке мұң торлап үлгерген еді. Бәрінен шаршаған, бәрінен жалыққан адамның реңі. Орындалып жатқан әндер мүлде басқа, бөтен адамның әндері сияқты.
Кейін дәл осы жағдай тағы екі рет қайталанды. Радиодан өзінің әнін беріп жатады, селт етпейді. Көзін белгісіз бір нүктеге қадап алып, өзімен өзі отыра береді. Ішкі әлемін шаттықтан гөрі астан-кестеңін шығарып, мүлде басқа нәрсе билеп жатқандай.
Осының сырын білмекке қанша оқталдым. Батылым жетпеді. Құдай-ай десеңізші, біз көріп жүрген қай композитор, қай ақын да шығармаларын радиодан, телевидениеден беріп жатса әлдеқандай болып қалмайтын ба еді?! Ал, бұл кісі мүлде сүлесоқ.
Қазір сол кездегі батылсыздығыма, дұрысы, ынжықтығыма қатты өкінемін. Болатынды да, болмайтынды да мыжып, әр нәрсені бір сұрап жүрдім ғой, өз әндерін естігенде тұнжырамаса да селт етпейтін себебін неге сұрамадым? Көкірегінің терең түкпірінде тұншығып жатқан өкініштің қандай өкініш екенін өзіне неге айтқызбадым? Қазір болса сұрар едім-ау.
...Өкінішке қарай, ол күндер енді орала ма?!
Абай БАЛАЖАН,
«SKIFNEWS. KZ».