$ 498.34  519.72  4.85

ҚАДЫР АҚЫН САРАҢ ЕМЕС ЕДІ...

Тамаша талант Қадыр Мырза Әли әдебиеттегі әділ бағасын көзінің тірісінде-ақ алған ең бақытты ақындардың бірі һәм бірегейі. Қазақ поэзиясын Қадағаңның жырларынсыз көзге елестетіп көріңізші... Құдай сақтасын, Қадыр жырларынсыз рухани әлеміміз ойсырап қалады-ау, ойсырап қалады!

Иә, Қадыр Мырза Әлидің туындыларын сынаса оның өзінен жоғары тұрған талант иелері ғана сынай алады. Ондай таланттар ақынның әріптестерін былай қойғанда оқырмандардың арасынан да табылуы мүмкін. Бірақ, олар көп емес. Демек, Қ. Мырза Әли өзін екінің біріне сынатпайды. Ал, Қадыр ақынның өлеңдері емес, өзінің қара басы сөз бола қалса айтушылар негізінен «Қадырға тән еді» деп үш қасиетті немесе үш мінезді төңіректейді.

Америка ашқалы отырғанымыз жоқ, елдің бәрі білетін ол кісінің ең бір тамаша қасиеті керемет еңбекқорлығы. Оған соңында қалған мол рухани қазынасы әбден дәлел бола алады.

Екіншіден, елдің көпшілігі Қадағаңның тауып сөйлейтіндігін, сөзге ұсталығын жыр ғып айтады. Оған да талас жоқ. «Қадекең айтып еді» деген әңгімелердің өзі бүгінде кемі қалың бір томға жүк болады.

Үшінші бір айтатындары... Небір есімдері ел аузында жүрген ағайындардың өздері Қадыр Мырза Әлиден жаңа дәуірдің Шығайбайының образын жасағысы келеді. Сараңдық туралы сөз бола қалса «баяғыда Қадыр...» деп суырылып әңгіме бастай жөнелетіндер бар.

Өз басым осыған келісе қоймаймын. Қатарластарымен қандай қарым-қатынаста болғанын білмеймін, бірақ, қазақтың сүйікті ақынының інілеріне сараңдық танытқанын байқамаппын. Қайта керісінше...

Үйді бүгінде әкесінің дәулеті бар немесе өзіне дүние-мал құралған екінің бірі ермекке салады. Ердің ері жалғыз жалақымен жан бағып жүріп немесе банктен кредит алып үй салған азамат. Журналистің жалақысымен, оған жетпеген жеріне банкке борышқа батып жүріп үй салғаннан кейін өзімізді-өзіміздің анда-санда осылай жұбатып қоятынымыз бар. Расында да, әкенің дәулеті асып-тасып жатқанда тұяқ қимылдатпай, әкеден әбден күш қайтқанда, балалар студент болып, нанның орнына ақша жейтін жасқа келгенде құрылыс бастаған біз де «ерміз».

Несін айтасыз, біраз қиын күндер артта қалды. Сөйтіп отырып қонақ күтеміз. Сондай күндердің бірінде Шымкентке Қадыр ағамыз келе қалды. Күтіп алдық. Манкенттегі шипажайға орналастырдық. Үйге шақырып-ақ жібергім бар. Бірақ, үй деген аты ғана боп тұр. Дұрысы, айра-жайрасы шығып жатқан құрылыс. Және қаражаттың жоқтығынан белгісіз уақытқа дейін тоқтап қалған. Ол қаражат қашан болады, жұмыс қашан алға жылжиды, бәрі-бәрі белгісіз. Сеніп отырғанымыз банк қана. «Қазіргі кредитті көктемге дейін жауып тастасам, сосын тағы бір рет кредит алсам үйдің бітпегенде несі қалады?!» деп қоямын іштей. Қинайтыны ол емес, қинайтыны үйіңе адам шақыра алмайтының. Қазақ үшін одан өткен қорлық болмайды екен ғой. Қадекең дәл осындай көңілсіздеу күндердің бірінде келген еді.

Манкентке артынан күнде, кейде күн аралатып барып тұрамын. Ертең азанда демалысының мерзімі бітеді. Пойызға билеті арғы күні кешке. Пойызға дейін екі тәулікке жақын бос уақыты бар. Әбден қысылдым. Табиғаты сезімтал адам емес пе, менің қарадай қысылып жүргенімді байқап қойса керек. «Сен өзің бірнәрседен қысылып жүрсің ғой, бірақ, есіңе салып қояйын, қанша жерден қысылсаң да сенің үйіңе барамын. Сенің үйіңді көруім керек! Ал, мен үшін қатты қысылмай-ақ қой, менің қонып шығуыма ұзыны жарты метр, ені жарты метр орын болса, жетеді» деп бір күлдіріп алды.

Сол күні кешкісін мал сойып, бас тарттық. Аядай үйге тағы үш-төрт отбасыны шақырдық. Ағамыз бала-шағаммен, жолдастарыммен танысты. Өзге қонақтар тараған соң оңаша қалған бір сәтте ағамыз оқыстан сұрақ қойды. «Жағдайың қалай? Мына үйді қалай бітірмексің, не ойың бар?» дегенде тәпе-тәнде сасыңқырап қалдым. Іле-шала «банк аман болса бітеді ғой» деп жатырмын. «Банк» дегеннен ағамның қабағы түйіліп кетті. Сосын аз-кем отырды да «лажы болса банкке жолама, түте-түтеңді шығарады. Мына үйдің тұтас бітуі үшін қанша қаражат керек болады екен, соны асықпай, әбден есептеп, келесі аптада Алматыға, біздің үйге кел. Ол ақшаны мен беремін. Сосын мына күні қайтаруым керек деп жанықпай-ақ қой. Саған да ақша бітеді, сол кезде қайтарарсың. Қайтара алмаған жағдайда ол ағаның інісіне көмегі болып шығады. Еш қысылма. Құда қаласа, келесі жылы дәл осы уақытта жаңа үйдің ішінде отырасың» деп қуат бере сөйледі.

Сосын... Бәрі ағаның айтқанындай болды. Келесі аптада Алматыға арнайылап барып, ағамның маған деп буып-түйіп отырған ақшасын әкелдім. Қысқа дейін емес, күзге дейін-ақ жаңа үйімізге кіріп алдық. Сосын расында да, маған да ақша бітті. Бердібек Сапарбаев ағамыз Оңтүстік Қазақстан облысына ең бір қиын уақыттарда әкім болған еді ғой. Кейбір оқу орындары өз баланстарындағы жатақханаларды ұстай алмай, мемлекетке өткізіп жатқан. Әкім осындай жатақханалардың бірін журналистер мен мәдениет қызметкерлеріне қызметтік пәтер етіп таратып беріп, бір сауапқа батқан еді. Әлгі жатақханадан бізге де пәтер тиген. Соның өз атымызға жекешелене кетпесі бар ма! Саттым да жібердім. Осылайша Қадыр ағамнан алған қарыздан бір-ақ күнде құтылдым.

Алайда, айтайын дегеніміз қалай үй салғаным емес. Мақаланы жазудағы мақсатымыз қатарлас әріптестері, өкшесін басқан кейбір інілері сараң деп көрсеткісі келетін Қадыр ақынның тіпті де олар айтып жүргендей сараң болмағандығын жеткізу еді. Өңеші кеуіп тұрған маскүнемге бір жарты алып бермегенді сараң дей берсек, азаматтарымыздың қадіріне жетіп боламыз ба?!

Иә, мен білетін Қадыр ақын ешқандай да сараң емес еді.

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS. KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары