$ 498.34  519.72  4.85

Арыстанбекті бір құтқарса, осы Дәурен Абаев құтқарады...

Жаңадан біреу министр я әкім болып тағайындала қалса, сол адам туралы ерекше қызығушылық таныту – қазақ қоғамының қашанғы әдеті. Министр болған адам кім, бұрын қайда істеген, кімнің туысы, қай топтың өкілі – қарапайым қазақстандықтарға мұның бәрі қызық. Осы жиырма бес жылдың ішінде министр болған адамдардың арасынан кімдер шықпады дейсіз?!

Уақыт өте келе атақты оппозиционерлерге айналған қарағайға қарсы біткен бұтақтар да, үстіндегі тесік біткенді «көк қағазбен» тығындап, бір-ақ күнде Еуропа асып кеткен алатұяқтар да, Еуропа асуға «жолға жарамай» елде қап кетіп, Қазақстан түрмелерінен бір-ақ шыққан бақытсыздар да, аттан түссе де, ерден түспейтін «жаны сірілер» де, пәленбай жыл министр болса да, аты-жөнін ешкім жөндеп біле бермейтін қоңыртөбелдер де, бәрі-бәрі шықты. Тек қазақ қоғамы қанша толғатса да, жиырма бес жылдан бері Өзбекәлі Жәнібековтей Тұлғаны дүниеге әкеле алмай-ақ келеді.

Мойындау керек, «сен неге Жәнібековтей болмайсың?» деп үзілді-кесілді талап қойып отырған біздікі де дұрыс емес. Бола алмаса ол сорлы өле ме енді, не істейді?! Болғысы келмей жүрген кім бар дейсіз?! «Болмаймын дейді қай кісі, болдырмайды Тәңірісі» деген осы да.

Осы қанша министр қамалып кетті, бірақ солардың бір де біреуі абыройсыздықтан конкурс өткізілсе, сотталмаған Арыстанбек Мұхамедиұлының шаңына да ілесе алмайды. Абыройсыздық кубогін Арыстанбек кез келген сотталған министрдің қолынан жұлып алып кетеді. Шіркін, Арыстанбек нағыз «бәйгемді шаппай бердің» өзі ғой! Маған сенбей отырсыздар ма? Онда тыңдаңыз.

Тағайындалғанына еш болмаса жарты күн де толмай жатып әлеуметтік желілерде «саудагер кетті, сутенер келді» деген жазба ілінген Арыстанбектен басқа кімің бар?! Сол сол екен, Арыстанбектің иті қырын келіп жүре берді. Қайта ректор кезінде кәдімгідей беделі бар еді. Атың өшкір, 2014 жылдың 13 наурызынан (Арыстанбектің министр болып тағайындалған күні) кейін-ақ ерінбегеннің бәрі бір нәрсеге мысал келтіретін болса, Арыстанбектің атын айтатын болды. Бір сөзбен айтқанда, отырса – опақ, тұрса – сопақ.

Отырса – опақ, тұрса – сопақ болғанына мысал келтір дейсіз бе? Ондай мысал көп қой, өте көп. Мысалы, 2014 жылы Алматыда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатын еске алыңыз. Илья Ильиннің төртінші рет әлем чемпионы атанып жатқан сәті. Спорт сарайында Арыстанбек те жүр. Ауыр атлетикаға шынымен жанкүйер ме, жоқ, Президенттің Ильяға деген құрметін сезген соң спортқа жауапты министр ретінде амал жоқ барды ма, әйтеуір сол дүбірлі доданың ішінде бір нәрсе түсінсе де, еш нәрсе түсінбесе де, Арыстанбек те жүрді. Сәлден соң жеңімпаз Ильяның құрметіне Қазақстанның Әнұраны орындалды. Көңіл құсы көкке шарықтаған Илья батыр да, зал толы жанкүйерлер де шын жүректерімен Әнұранға қосылып кеткен. Арыстанбектің де ел қатарлы аяғына дейін Әнұранды айтқысы келген шығар... Қырсықты қарамайсыз ба, дәл сол кезде қалта телефоны безілдеп қоя берді. Ызбандап жатқан анау-мынау емес, Елбасының өзі! Телефонды қалай алмайды?! Алды! Шамасы, Үлкен кісі «трубканы Ильяға бер!» деді-ау. «Жоқ, бермеймін, Әнұран біткенше күтіңіз!» деп қалай айта алады? Бұйрық табанда орындалды. Ал содан көп шуылдақ жабылып беріп кетсін! «Оңбаған, министр болмай-ақ жай көргенді кісінің өзі Әнұран шырқалғанда ондай бассыздыққа бармайды емес пе?! Мемлекеттік рәмізді сыйламаған адам қалай министр болады?» деп шулап кеп берді дейсіз! Ағайын, қане, құдайшылығын айтайықшы, Арыстанбектің орнында басқа министр болса, ол да соны істер еді ғой. Патшаның сөзін жерге тастайтын жанынан безген министр бар ма? Сол әрекетті Исекешов істесе, түсіністікпен қарар едіңіздер, Жәмішев істегенде назар аудармаған да болар едіңіздер, Дүйсенова істесе, қол шапалақтар едіңіздер. Ал ыңғайсыз ситуацияға Арыстанбек түсіп қалып еді, бәріміз шулап кеттік. Әділетсіздік қой!

Арыстанбек сияқты тағы бір министр шығып, елдің бәрі соны анекдот қылып кетіп, ыңғайсыз ситуациялардан солай құтылмаса, Арыстанбекке дәл қазір оңай болайын деп тұрған жоқ. Бізге Арыстанбек қайда барса, адамдар мұны сұқ саусағымен шошайтып көрсетіп, ыржалақтап күліп тұратын сияқты болып көрінеді де тұрады. Өтірік пе, насыбай көк туфли кигеніне дейін күлдіңіздер ғой.

Бірақ, алда Арыстанбектің де «таңы ататын» кез келе жатқан сияқты. Күні кеше ғана тағайындалған Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев Арыстанбек ағасының қасында жас пері сияқты әсер қалдырады екен. Арыстанбекті бір құтқарса, осы Дәурен Абаев құтқарады.

Абаевтың министр болып тағайындалғанына жиырма-ақ күн өтті. Алайда осы жиырма күн Д. Абаевтың бүкіл потенциалын айқындап қойғандай. Анадан мықты болып туса бағына айналдырар ма еді, бірақ осы жиырма күндегі оқиғалар тізбегі Абаевтың сорына айналғандай. Осының министр болғанын күтіп тұрғандай-ақ бүкіл қазақтың сатылмаған ешнәрсе көрмегендей-ақ «Жер сатылмасын!» деп митингілетпесі бар ма?! Абаев басқарған министрліктің жұртты «жынды» қылып жіберетін кезі нағыз осы кез еді. Бірақ халық Абаевтың өзін «жынды» қылып жібергендей. Қайта прессек кезінде Президенттің сөзін жұртқа тәпсірлеп жүруші еді, министр болған соң сол білгенінен де жаңылды. Бар қолынан келгені «Хабар» мен «Қазақстанға», «Егеменге» елдегі авторитеттерді топырлатып әкеліп сөйлетті. Ол кезде авторитетті тыңдайын деп тұрған ешкім жоқ еді. Демек, жұртпен сөйлесуге басқаша әдіс керек еді. Ондай әдісті жүзеге кім асыра алады? Иә, дұрыс айтып отырсыз, шығармашылықпен ойлана алатын адам ғана тығырықтан шығар жолды таба алар еді. Алайда шығармашылықпен ойлану Абаевтың оң жамбасына келмейтіндей. Нәтижесінде «Хабарға», «Егеменге» шығамын деп біраз авторитеттер бұрынғы авторитеттерінен айрылып қала жаздады. Осыдан кейін күлесің бе, жылайсың ба? Мұның әрекеттеріне жұрт бір жерін ашып күлмегенімен, аяды.

Артынша Ақтөбе трагедиясы орын алды. Түсінген адамға Ақтөбедегі трагедия ақтөбелектердің ғана емес, бүкіл Алаштың трагедиясы еді. Содан бері де он күннен аса уақыт өтті. Оқиға бесінші маусымда орын алды ма, министрлік алтыншы маусымда-ақ өзінің бар екенінен хабар беруі керек еді. Жаңағы жерге салынып «мұқалып» қалған авторитеттерді болса да қайта жинап лаңкестіктің зияны жөнінде, оның артында кімдердің тұрғаны жөнінде республикалық көлемде бір «дөңгелек стол» ма, бір жиын өткізуі керек еді. Біздіңше бұл оқиғаны қазақ халқы талқылар еді. Бұл жерде прессек емес, нағыз министр болу керек еді! «Тағайындалғаныма жиырма-ақ күн өтті ғой» деп өзін-өзі алдаусыратпай қып-қызыл майданның, идеологиялық майданның ішіне кіріп кетуі керек еді. Ақтөбедегі лаңкестіктен кейін Қазақстан медиакеңістігінің шығармашылық шыңы «Уахабизм кәкәй, ҚМДБ әйәйдің» деңгейінен асқан жоқ. Осыдан кейін Абаевтың фонында Арыстанбегіңіздің тұл-ғасы кәдімгідей өркештеніп сала береді екен. Дәурен Абаевтардан кейін қазақ Жәнібековті іздемейтін шығар. Дәурен Абаевтардан кейін Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі Тұлғаға айналайын деп тұр ғой.

Басқа министрлерді білмейміз, Қазақстанның дәл қазіргі жағ-дайында ақпарат министрінің шалағайлығы, оралымсыздығы, тәжірибесіздігі, басқа да кемшілік-тері кешірілмейді. Мейлі, ол кім болса да! «Келгеніме жиырма-ақ күн болды ғой» деген уәж бүгінге жүрмейді. Қолдан келмей ме, келгеніңізге жиырма минут болса да, орынды қолдан келетіндерге босатуға тиіссіз. Себебі дәл бүгінгі таңда Қазақстанның ертеңгі тағдыры шешіліп жатыр. Ал оны шешуге бірінші кезекте сіз атсалысуыңыз керек. Басқаның орны бір бөлек, ақпарат министрінің орны бір бөлек. Барлық келеңсіздіктердің тура сіз келгенде басталып кетуі тағдырыңыз шығар. Не ұлттық идеологияның салтанат құруына талпыныс жасайсыз, не салафиттік идеологияның туының астынан табыласыз.

Анекдот болғыңыз келмесе, анекдоттағыдай «ажырасқандар қайда барады?» демейсіз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ,
Korrespondent.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары