$ 494.87  520.65  4.91

Мәсімов ұйқысынан "шошып" оянды

"Қалың ұйқыда" жатқан ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов шошып оянғандай әсер қалдырды бізге. 4 жылдан бері "демалып" жатқан Твиттердегі парақшасын дереу іске қосып, аяқасты ел аралай бастады. Тіпті, бүгін Қарағанды облысындағы күйдіргі ауруының өршуіне қатысты жиын да өткізіпті. Оның бейнетүсірілімін ерінбей сол әлеуметтік желіге жүктеген.

Мәсімов премьер болған 2 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанда жақсылы-жаманды талай оқиға орын алды. Байқоңырда "Протон" құлады, ұлттық валютамыз бір емес, екі рет құнсыздануды бастан кешірді, бұрын-соңды болмаған киіктердің қырылуы тіркелді, биыл көктем шыға солтүстік облыстарды топан су басты, жер мәселесіне қатысты бірнеше көтеріліс орын алды, шымкенттік олигарх билікті күшпен басып алмақ та болды. Бірақ, осы жайттардың бірде-бірінде Кәрім Қажымқанұлы ел алдына шығып, халықпен тілдескен жоқ. Тіпті, әкесі Қажымқан Мәсімов Алматы облысындағы балалар үйін жалған құжат әзірлеп, небәрі 10 млн теңгеге сатып жібергенде де үкімет басшысы тіс жармады. Кім біледі, халықтың премьерге деген наразылығы артпаса, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан кейін де Мәсімов үндемей жата берер ме еді?!

Иә, Кәрім Қажымқанұлын "ұйқысынан" оятқан күш - оған деген халықтың наразылығы секілді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілер арқылы да, БАҚ беттері арқылы да тұрғындар Мәсімовтің отставкаға кетуін талап етуде. Тіпті, Мәжіліс депутаттары да үкіметтің қарызға тоймайтынын, дағдарыс кезінде тиісті шаралар атқара алмайтынын айтып, бірнеше рет сынады. Оның үстіне, халықпен ойнаудың соңы жақсы болмайтынын кешегі митингтердің кезінде көріп-білсе керек, "қалың ұйқыда" жатқан Мәсімов ақыры шошып оянды. Бәлкім халықтың наразылығынан емес, қоластына қайта оралған сенімді қызметкері Ержан Бабақұмаровтың ақыл-кеңесінен кейін есін жиған болу керек, кім білсін?!

Жасыратыны жоқ, кешегі ауыс-түйістер кезінде жұрт Мәсімовтің өзге қызметке ауысуын күткен. Ұзынқұлақтар оны Ресейге елші болып кетеді екен деп те жатты. Алайда, Елбасының "шексіз нығметіне" бөленген Кәрім Қажымқанұлы орнынан бұл жолы да қозғалған жоқ. Жақын уақытта қозғалмауы да мүмкін. Өйткені, тағы да сол ұзынқұлақтардың айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесі өтпей, Мәсімов те отставкаға кетпейтін көрінеді. Әу баста аталған көрмені Қазақстанда өткізу идеясы сол "кісіге" тиесілі болған екен. Енді оны абыроймен өткізу де өзіне жүктеліп отыр.

Мейлі, қалай оянса да Мәсімов ұйқыдан оянды. Бірақ, оның ендігі әрекеттері халықтың көзқарасын қаншалықты өзгертетінін уақыт көрсетер...

Азамат ЕСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары