Бүгін Астана күні мен Елбасының туған күні қарсаңында елорданың 1 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді деген жағымды ақпарат барша қазақстандықты қуантқаны белгілі. Небәрі 18 жылда 1 миллион халқы бар мегаполиске айналу расымен де үлкен жетістік. Алайда, жергілікті билік өкілдерінің және статистика мамандарының небәрі 2 айда Астана тұрғындарының санын 120 мың адамға өсіруі жұрттың күмәнін туғызуда.
Олай дейтініміз, Статистика комитетінің бұған дейінгі таратқан ақпараттарында Астана халқының саны 880 мың адам деп көрсетіліп келген болатын. Тіпті, "Википедия" онлайн энциклопедиясында әліге дейін 872 655 деген цифра тұр. Бұл 2016 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш. Ендеше қала басшылары 1 миллион деген цифраны қайдан алды? Расымен де айналдырған 2 ай ішінде Астанада 120 мың сәби дүниеге келді ме? Мұндай қарқынды көрсеткіш тіпті, Оңтүстік Қазақстан облысына да тән емес қой...
Аталған жаңалық әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, мұндай жайттардың соңы еліміздің ғылымына ғана емес, экономикасына да күмәнмен қарауға алып келеді.
"Статистика органдарының өкілдері арнайы брифинг өткізіп, осынау феонменді ғылыми тұрғыда түсіндіріп беруі керек. Айналдырған екі ай ішінде елорда тұрғындарының саны қалайша 120 мың адамға өсті? Себебі не? Бәлкім өткен жылдың қыркүйек айында астаналықтар жаппай көбеюмен айналысқан шығар?! Бәлкім, бұған дейін халық саны әдейі аз көрсетіліп келді ме? Егер олай болса, бұл - қылмыс", - дейді А.Сарым өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.
"Совет заманында жүз саулықтан жүз жиырма қозы дегенге етіміз үйреніп еді... Бүгінгі заманғы Астанада қошқарға дейін іске қосылған-ау сірə...", - деп ойын түйді саясаттанушы.
Ал, Қуат Домбай есімді Фэйсбук пайдаланушысы да аталған статистикаға күмәнмен қарайтынын жеткізіп отыр.
"Егер біз статистиканы осылай қолдан жасай алатын болсақ, ендеше дамыған отыз елдің қатарына қосылдық деп те жаза берейік. Ақыл-есі саулар сенбесе сенбей-ақ қойсын", - дейді ол өз парақшасында.
Естеріңізге салайық, Астананың миллионыншы тұрғыны 3-нен 4 шілдеге қараған түні №1 перинаталды орталықта дүниеге келді. Қыз баланың есімін ата-анасы Саида деп қойған.
Айта кетейік, 23 сәуір күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болашақта Астананың халқы 3-4 миллион адамды құрайтын болады деп мәлімдеген еді. Елбасының сөзін асыра орындайтын біздің шенеуніктер болашақты күтпей, аталған көрсеткішке 2-3 жылда жетуді көздеп отырған сыңайлы.
Оның үстіне жұрт биыл Елбасының туған күніне қандай тосынсый әзірленеді екен деп күтіп жүрген. Әдетте елордаға АҚШ пен Еуропаның өнер жұлдыздары келіп, қыруар қаражатқа концерт қойып кететін. Бұл жолы жергілікті билік өкілдері олардан ақшаны үнемдеп, тосынсыйды басқа жағынан жасап отыр.