05.07.2016, 11:10

Исекешев әкім болғалы оның мазхабын сұрайтындар көбейді

Соңғы бірер жылда елде діни проблеманың өршіп бара жатқаны сонша, халық "елім" деп "еңіреп" жүрген кей азаматтардың ұстанымына күдікпен қарай бастады. Әсіресе, кешегі Ақтөбедегі лаңкестік жайттан кейін қоғам белсенділері салафилердің соңына шам алып түскендей. Бұған Елбасының Қауіпсіздік кеңесінің жиынында айтқан сөзі де түрткі болып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев ол кезде терактінің артында салафилердің тұрғанын мәлімдеген болатын.

Неге екені белгісіз, жұрт Исекешев Астанаға әкім болып тағайындалған сәттен бастап оның қай мазхабты ұстанатынына қызығушылық таныта бастады. Әсіресе, бұл тақырып әлеуметтік желілерде көп талқыланып жүр. Жаңа әкімнің намазхан екенін айтқан Facebook пайдаланушылары оның ұстанымын анықтау керектігін әліге дейін жазып келеді. Ал, біз Исекешевтің діни көзқарасына күмәнмен қарамаймыз, саналы азаматтың дәстүрлі дінде екеніне сенімдіміз. Дей тұра біздің билік мемлекеттік қызметте жүрген теріс діни ағым өкілдерін расымен де анықтап алу керек сияқты.

Естеріңізде болса, Ақтөбедегі лаңкестіктен кейін қоғамда салафизмге тыйым салу мәселесі қозғалды. Тіпті, мемқызметте жүрген салафилерді су бетіне шығару керек деген де ұсыныстар аз айтылған жоқ. Бірақ, Елбасы осынау өзекті мәселені көтерсе де құзырлы орган қызметкерлері, шенеуніктер оны соңына жеткізуге әлі асығар емес. Тіпті, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев журналистерге берген сұхбатында салафизмнен қауіп жоқ екенін айтып қалды.

Ал, оған дейін журналистермен ой бөліскен Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов та салафизмге тыйым салынса Сауд Арабиясының "ренжіп қалуы" мүмкін екенін меңзеген болатын. Яғни, біздің елде тамырын тереңге жіберген салафилік-уахабилік ағымға жақын уақытта тоқтау қойылуы екіталай.

Мемлекеттік қызметке қабылданар кезде үміткерлердің арнайы тексерістен өтетіні белгілі. Яғни, өзінің, жақын туыстарының сотталмағаны, тіпті, қатерлі жұқпалы ауруларға шалдықпағанына дейін тексеру жүргізіледі. Тым болмағанда осы тексеру кезінде діни көзқарасты анықтап алу керек шығар? Сонда ертең жоғары мінберде тұрып: "салафизмнен қауіп жоқ, діннің асылы арабта, қазаққа мазхаб тоқсаныншы жылдары келген" дейтін әңгімелер айтылмас. Ал, кешегі Өксікбаев пен Ыдырысовтың пікірлері Елбасы тапсырмасына қарама-қайшы келетіндей.

Қазір ру мен жер емес, мазхаб сұрасатын жағдайға жақындап қалдық...

Өкінішке қарай, қазір бұрынғыдай ру мен жер емес, мазхаб сұрасатын жағдайға жақындап қалдық. Кезінде Дін істері жөніндегі агенттікті Қайрат Лама Шариф басқарып тұрған сәтте бұл мәселе дұрыс жолға қойылып, шешімін табуға жақын қалған еді. Ақтөбе мен Атырау, Ақтау мен Тараздағы лаңкестік оқиғалардан кейін дін саласын тізгіндеген Лама Шариф ең алдымен мемлекеттік қызметтегі "діндарлардың" алқымынан алған болатын. Атап айтқанда, агенттік төрағасы мемлекеттік орган ғимараттарында діни рәсімдермен айналысуға, оқу орындарына діни киімдер киіп келуге тыйым салды. Ал, Парламент қабырғасындағы жиындардың бірінде Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханды дәстүрлі емес діни ағымның өкілі деп айыптағаны есте. Бірақ, Б.Тілеухан өзіне айтылған бұл айыпты мойындаған жоқ.

Осылайша, дәстүрлі емес діни ағымдармен күресті тәп-тәуір бастаған Қайрат Лама Шариф аяқ астынан қызметінен кеткен еді. Бәлкім кетірген де болар. Содан бері ол Сауд Арабиясында елші болып қызмет атқарып жүр. Ал, оның бастаған ісі аяқсыз қалғандай көрінеді бізге. Кім біледі, сол кезде Лама Шарифтің бастаған ісін соңына жеткізуге мүмкіндік бергенде кешегі Ақтөбедегі лаңкестік жайт орын алмас па еді?!

Иә, біздің бұл шимай-шатпайымыз аз-маз талдау мен болжам ғана. Әйтеуір, халық дәстүрлі діннен қол үзіп қалмаса деген уайым.

Азамат ЕСЕНОВ