Оқиғаға байланысты 13 жастағы жасөспірім күдікке ілінді.
Алматының Түрксіб ауданында болған жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Пышақ жарақатын алған 12 жастағы бала ауруханада көз жұмды. Оқиғаға байланысты 13 жастағы жасөспірім күдікке ілінді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алматыда 12 жастағы балаға жасалған қатыгез шабуыл қайғылы аяқталды. Пышақ жарақатын алған жасөспірім көз жұмды.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, оқиға 10 маусым күні Түрксіб ауданында болған. Алдын ала ақпарат бойынша, балаға бірнеше пышақ жарақаты салынған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыс жасады деген күдікпен 13 жастағы жасөспірім ұсталды. Ол марқұммен бұрыннан таныс болған. Тергеудің бастапқы деректеріне сәйкес, қайғылы оқиға кәмелетке толмағандар арасындағы жанжал салдарынан болған.
Қазір күдікті арнайы мекемеге орналастырылды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің ата-анасының бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігі де қаралады.