$ 494.87  520.65  4.91

Табиғи апат қандастарымызға зауалын, Мәсімовке пайдасын тигізді - актер

Қазақстандық актер Бақыт Тушаевтың пікірінше, Баян-Өлгейде орын алған табиғи апат қандастарымызға үлкен зауалын алып келгені рас. Бірақ, сол қайғылы жайт ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің қоғамдағы имиджін көтерді деп есептейді ол.

Естеріңізде болса, кеше үкімет басшысы апат орын алған аймаққа барып, жергілікті қазақ диаспорасының алдында қазақша сөйлеген еді. Сөйлеген дегеннен бұрын, оқыған деп айтқан дұрыс болар. Өйткені, Мәсімовтің мемлекеттік тілде ежелеп, әрең айтқан баяндамасын Моңғолиядағы қазақтардың бәрі ұқты дегенге күмәнмен қараймыз. Өзіміз де бірнеше рет қайталап тыңдағаннан кейін әзер түсіндік.

Жә, премьердің талабына нұр жаусын әрине! Бас салып, бетін қайтармай қазақша сөйлеймін деген жанға қолдау көрсету керек шығар. Бірақ, 2000 жылдан бері министр деңгейінен төмен түсіп көрмеген, өзін қазақпын деп санайтын шенеуніктің қазақша сөйлеуі былай тұрсын, жазып бергенді ежелеп оқуы көңілді қынжылтады.

Соған қарамастан, кеше отандық БАҚ өкілдері мен кейбір әлеуметтік желі пайдаланушылары «Мәсімов қазақша сөйледі» деп, жерден жеті қоян тапқандай сүйіншілетті. Тіпті, апаттан кейін есін әлі жиып үлгермеген Моңғолиядағы қазақ диаспорасы да біздің премьерге шапан жауып, ат мінгізіп жіберді. Бұған дейін Мәсімов орнынан кетуі керек деп жүрген кейбір ағайындар да Қажымқанұлына разылығын білдіріп жатты. Міне, Тушаевтың Баян-Өлгейдегі табиғи апат біздің премьерге пайдасын тигізді дегені осы болар.

«Моңғолиядағы топан су қандастарымызға зиянын тигізгенімен, Мәсімовке пайдасын берді. Қазақша сөйледі. Қайран топан су-ай, сен сең бұзбасаң, бұл көкемнің қазақшасын естір ме едік, естімес пе едік?! Сонда біздегілердің бәрі жаппай қазақша сөйлеуі үшін бір-бір ауылдан құрбандыққа шалып отырамыз ба?!», - дейді актер Бақыт Тушаев өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.

SN

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары