"Көрұғлы" қиссасында қызылбастардың (парсы) қолына тұтқынға түскен Раушанбек сыншының аты патшаға да жетеді. Патша оны сарайына алдырып, түйеден нарды, жылқыдан тұлпарды тауып бер дейді. Базар аралап жүрген Раушанбек "міне, нар!" дейді. Патша: "Дәлелде!" дегенде "шөгеріп, аяғын байламай, терісін тірідей іресін, дыбыс шығармай өледі!" дейді. Екі жігіт өркешінен бастап терісін сыпырып болғанда түйе дыбыс шығармай гүрс етіп құлайды...
Бірақ, елден тұлпар табылмайды. Патша өзінің екі сәйгүлігін көрсетсе, "тұлпар емес!.." дейді Раушанбек. Содан ел аралап жүргенде, арықпен ағып келе жатқан жылқы тезегін көріп, "Міне, тұлпар" деп, арықты өрлеп шаба жөнеледі. Келсе, тұлпардың өзі жоқ,ескі қораны иесі тазалап жатыр екен, ал, аттың қу басы ілулі тұр екен. Жігіт: "Сені тұлпардың басы деп кім айтады, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтады" деп, басты құшақтап жылайды...Патша: "Дәлелде!" дегенде, Раушанбек: "Тұлпардың денесінде 70 тесік болады, соның 7-еуі басында болады, шапқанда тесіктер ашылып, тұлпар солармен дем алады" деп, "екеуі тұр отыз тістің жігінде, екеуі тұр екі құлақ түбінде" дей келіп, 7 тесікті көрсетеді. Патша: "Енді өзімді сына!" дейді. Раушанбек "сынасам мен шындықты айтам, ал, ол үшін сен мені өлтіресің" дейді. Патша ел алдында өлтірмеуге уәде етеді. Сонда Раушанбек: "Сен ешқандай 7 атаңнан бері тақтан түспеген қаракөктің тұқымы емессің, наубайшының баласың!" дейді. Патша қылышына жармасады. Уәзірлер шулап аман алып қалады. Патша "Өтірік!" дейді. Сонда сыншы: Анаңызды алдырыңыз, Құран ұстап өтірік десе, басымды шаба беріңіз" дейді. Мына шартты естіген кемпір еңкілдеп жылап жібереді. "Өлер шағымда адам қанын мойныма алмайын. Мен өңкей қыз тудым, наубайшымыздың әйелі өңкей ұл туды. Менімен қатар туған оның әйеліне қызымды беріп, ұлын өзіме алып, күйеуі екеуіне бір дорба алтын арқалатып, ант ішкізіп, басқа елге апарып тастатқыздым.." дейді. Патша енді қалай тапқанын сұрағанда Раушанбек: "Мен алдыңғы екі сынағыңнан да сүрінбей өттім, патша тұқымы болсаң үстімен зерлі (яғни, алтын жіппен тіккен) шапан, астыма арғымақ ат мінгізер едің ғой, сен болсаң соның екеуінде де "мынаған бір таба нан әкеліңдер" дедің, наубайшының баласы екеніңді содан білдім депті...
200 мың доллар мемлекет атынан берілер көмек пе? Жай "Лексус-джиптің" өзі 150 мың тұрады ғой...
Өмірзақ АҚЖІГІТ,
Facebook-парақшасынан.