Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілі, танымал исламтанушы Ерсін Әміренің айтуынша, діни радикалдардың елімізде тым еркін әрекет етуіне мүфтиятты кіналай беруге болмайды. Өйткені, діни ағымдармен айналысатын елімізде арнайы мемлекеттік органдар жұмыс істейді. Ал, ҚМДБ діни проблемаларды шешудің жолдарын бұған дейін қанша ұсынса да олар түрлі жолдармен қабылданбай келген дейді ол.
«Кім көрінгенді елге кіргізе беріңдер. Олар ойларына келген уағыз-насихатын емін-еркін жүргізе берсін. Интернетте сайттары сайрай берсін. Ол жетпегендей сектанттарды оңалту жұмыстарына араластырайық. Жылына 40-50 студент жат ағымның тағылымын үйреніп келіп елде тарату үшін Мəдина қаласындағы Ислам университетіне емін-еркін түсе берсін. Елде жүрген уағызшылары кафелерде, пəтерлерде сабақтарын жүргізе берсін. Осы айтылғандардың алдын алуда, тыйым салуда ҚМДБ-да қандай əлеует бар? Сонда да аталмыш проблемаларды шешу жолдарының тетіктері қолдарында болғандар кінəлі болмайды да орнына ҚМДБ кінəлі бола ма?», — деп жазды Ерсін Әміре өзінің Facebook-парақшасында.
Сондай-ақ, исламтанушы Қазақстанның бас мүфтиін Ресейдің патриархымен салыстыруға да болмайтынын айтып отыр.
«Кирилл Ресей президенті қатысатын жиындарда бірінші қатардың қақ ортасында жарқырап отырады. Гайнуддиндермен 20-30 қатарларда отырмайды. Біздің елде Қазақстан халқының 70-75 пайызы ұстанатын ата дініміздің өкілі, Бас мүфти елімізде ерушілерінің саны екі мыңға жетпейтін дін өкілдерімен бір қатарда артта отырады. ҚМДБ-ға Орыс православ шіркеуіне берілген айрықша құқықтардың оннан бірі де берілмеген. Құқық беру былай тұрсын мешіт электр қуатына төлемақыны төрт-бес күнге кешіктіріп алса келіп қиып кетеді», — дейді Е.Әміре.
Оның айтуынша, діни мәселеде ел басына күн туа қалса мүфтиятты кінәлі етіп көрсету әдетке айналған көрінеді. ҚМДБ өкілі құзырлы органдар өз жұмыстарын тиісті деңгейде орындаса елде лаңкестік оқиғалардың алдын алуға болатын еді дегенді меңзеді.
Естеріңізге салайық, маусым мен шілде айларында Ақтөбе мен Алматыда лаңкестік оқиғалар орын алған еді. Мұнан кейін Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа оқ атқан содырлардың салафилік ағым өкілдері екенін айтты. Содан бері осынау радикалды діни ағымдардың еркін әрекет етуіне көпшілік имам-молдаларды кінәлаған болатын. Тіпті, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та мешіттер халықпен жұмысты тиісті деңгейде жүргізіп отырған жоқ деп мәлімдеді.