Күні кеше "Азаттық" радиосының журналисі Брюс Панниердің "Вашингтон Орталық Азияға жаңа жол іздейді" атты мақаласы жарық көрді. Онда автор Америка Құрама штаттарының сыртқы саясаты, атап айтқанда Орта Азияның үштігі - Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанмен байланысының жаңа кезеңіне талдау жасаған.
Аталған мақалада Панниер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынай келе, елде оның орнын басатын әзірге ешкімнің жоқ екенін де жазыпты.
"Қазақстан соңғы жылдары демократиялық реформа жасауда кері кетті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өле-өлгенше билік басында қала беретіндей болып заңдарға түзетулер кіргізді. Мерзімінен бұрын өткен соңғы парламент сайлауына шынайы оппозициялық партиялар қатыстырылмады да, президентке бағынышты құрам қайта бекітілді. 76-ға толған Назарбаевтың анық мұрагері жоқ. Қазақстанның қазіргі жүйесінде жалпы көпшілік жаппай қолдап келесі президент етіп сайлайтындай тұлға және көрінбейді", - дейді америкалық журналист.
Расында солай ма? Әрине, жоқ. Өйткені, Қазақстан монархиялық мемлекет емес. Елді президент басқарады және оны халық сайлау арқылы өзі таңдайды. Яғни, билікке қазіргі Назарбаевтың тікелей мұрагері емес, халық сенген сұңғыла саясаткер келуі тиіс.
Алайда, кезінде Ресейде биліктің қалай ауысқанын жақсы білеміз. Алдымен Борис Ельцин өзінің "тақта" отыра алмайтынын айтып, ел тізгінін Владимир Путинге сеніп тапсырған болатын. Кейін Путиннің мерзімі келгенде ол да өзіне сенімді "мұрагер" таңдап, бар билікті Медведевке уақытша ұстатты. Яғни, мұны да мұрагерлік деп айтуға болатын шығар. Бәлкім, Брюс Панниердің де меңзегені осы болар?!
Ендеше, Қазақстанда дәл қазір билікті тізгіндей алатын саясаткер бар ма? Әлде, Нұрсұлтан Әбішұлының бастамаларын жалғастыра алатындай тұлғаларға расымен де кендеміз бе? Бұл мәселені Facebook әлеуметтік желісінің пайдаланушылары да біраз талқылап тастады. Бірқатар пікірді назарыңызға ұсынамыз.
- Қазақстанның экономикасын басқару қазір қиын. Өйткені, байлықтың бәрі біреулердің қолында, ал реформа жүргізу үшін көп қаражат керек, - дейді Өмір Біләлұлы есімді Фэйсбук қолданушысы.
- Өтірік емес, патшамыз ауысса отырады деген нақты сенім білдірер, артына бұқараны ертіп алып жөнелер тұлғаны көру қиын болып тұр! - деп ойын білдірді Алпан Дөйт деген атаумен желіге тіркелген азамат.
- Ізбасар деген қайдан шықты? Сайлау арқылы сайланбаушы ма еді. Батыстың баспайтыны жоқ әйтеуір, - дейді Азамат Хайсин.
- Адам істегенін адам істейді ғой, әрине бар бізде. Бірақ Елбасындай жұмыс атқаруына сенімді емеспін, - деп жазады Жамбыл Алимов.
- Англия мен Германияны əйел басқарса, ал АҚШ-ты қара нәсілді басқарғанда, бір қала халқындай шашыраңқы, қойдан жуас қазақты екінің бірі басқара алады, - деген пікірімен Қайрат Жаппар есімді Фэйсбук қолданушысы бөлісті.
Айта кетейік, танымал журналист Дина Төлек өзінің Фэйсбуктегі парақшасында Брюс Панниердің пікірін жоққа шығарып, Қазақстанда ел басқара алатын азаматтардың бар екенін жазған болатын. Аталған жазбаға пікір білдірген ондаған адам Қазақстанда дарынды жас саясаткерлердің бар екеніне сенімді.