12.08.2016, 04:48

Назарбаев көтермеген мәселені Мәсімов көтерді

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының басын орыстардан қайтарып алу әрбір қазақтың арманы десек артық айтпайтын шығармыз. Тәуелсіздік алған жылдарға дейін жабық тақырып күйінде қалып келген осынау мәселені егемендік алғаннан кейін де мемлекетаралық деңгейде ешкім көтере қойған жоқ. Тек тарихшылар мен кей депутаттар ғана анда-санда айтып қалады демесеңіз.

1991 жылдан бері Ресейде 3 президент ауысып үлгерді. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев олардың ешбірімен ресми деңгейде Кенесарының басын қайтару туралы келіссөз жүргізген жоқ. Бәлкім өзара болған әңгімелер кезінде айтылған да шығар. Дегенмен, хан Кененің басы әлі де Ресейде.

Есесіне, Елбасы айтпаса да бүгін премьер-министр Кәрім Мәсімов Ресей Федерациясынан қазақтың соңғы ханының басын ресми түрде сұрататынын мәлімдеді. Өзінің Твиттер-парақшасында Кәрім Қажымқанұлы РФ премьері Дмитрий Медведевпен кездесетінін, кездесу барысында Кенесарының басын қайтару мәселесін көтеретінін айтқан.

"Д.А.Медведевпен кездесуде Кенесары хан мен Кейкі батырдың бастарын қайтару мәселесін көтеруді жоспарлап отырмын", - делінген Мәсімовтің Twitter-парақшасындағы жазбада.

Мәселені көтеру бір бөлек те, талап ету тағы бір басқа әңгіме. Әлеуметтік желідегі осынау жазбасынан кейін үкімет басшысын популист деп айыптағандар аз болған жоқ. Көпшілігі Мәсімовтің Кенесары басын қайтара алатынына сенбейді. Бірақ, қуантарлығы сол, мәселе үкіметаралық деңгейде көтеріліп отыр. Демек, Ресейдің музейлер қорында жақын уақытта іздеу жұмыстары расымен де басталуы мүмкін ғой?!

Рас, Кәрім Мәсімовтің имиджі үшін қазір үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің премьер әрбір жұмыс күнін әнұран айтудан емес, әлеуметтік желіге жазба қалдырудан бастайтын секілді. Көтеретін мәселе қалмаса архивты ақтарып, ескі фото, видеоматериалдарын жариялап жатады. Бұрын кабинетінен ұзап шықпайтын премьер бүгінде күн сайын іс-сапарда. Үлкен апат, қайғылы оқиғалар бола қалса бірінші құтқарушыларды емес, Кәрім Мәсімовтің есімін еститін дәрежеге жетіп қалдық. Дәл қазір болып жатқан Олимпиада ойындарын да Кәрім Қажымқанұлы көз ілмей таң атқанша көретін сияқты. Өйткені, спортшыларымыз медаль ала қалса Президенттен бұрын премьер-министрі бірінші құттықтап үлгереді. Иә, мұның бәрі сол имидж үшін жасалып жатқан әрекет десек жаңылыса қоймайтын шығармыз.

Айтқымыз келгені, Мәсімовтің Кенесары басын қайтару мәселесін көтеруі сол имидж үшін жасалып жатқан арзан пиар-қадам болып қалмаса екен. Өйткені, дәл қазір халқымыздың бойында сөніп бара жатқан ұлтшылдық, рухшылдық секілді қасиеттерді оята алатын жалғыз күш - Кенесары басының елге қайтарылуы. Кәрім Қажымқанұлы расымен де осы істі соңына дейін жеткізіп, қазақтың арманын орындаса оны халық басына көтеруге дайын.