12.08.2016, 12:56

Медведев Кенесары мен Кейкінің басын қайтару мәселесін қарастыруға уәде берді

Бүгін Ресей премьері Дмитрий Медведевпен кездескен ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстанға Кенесары хан мен Кейкі батырдың бастарын қайтару мәселесін көтерді. Медведев өз кезегінде осынау мәселені шешуде барынша күш салуға уәде берді деп жазады Informburo.kz.

"Алаңдамаңыз, мен ауызша, керек болса жазбаша тапсырма беріп, бұл мәселені біржақты етуге уәде беремін", - деді РФ премьері Мәсімовпен болған кездесу барысында.

Айта кетейік, Кәрім Қажымқанұлы өзінің Твиттер-парақшасында Д.А.Медведевпен кездесетінін, кездесу барысында Кенесары мен Кейікінің Ресейде жоғалып кеткен бастарын сұрататынын айтқан болатын.

"Д.А.Медведевпен кездесуде Кенесары хан мен Кейкі батырдың бастарын қайтару мәселесін көтеруді жоспарлап отырмын", - делінген Мәсімовтің Twitter-парақшасындағы жазбада.

Ал, қазақстандық сарапшылар мен қоғам белсенділері Мәсімовтің осынау қадамын популизм деп айыптап отыр. Олардың пікірінше, егер премьер-министр хан Кененің басын елге қайтара алмаса оның онсыз да оңбай тұрған имиджіне тағы да дақ түседі.