$ 449.58  486.94  4.86

Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлының "откаты" жайында айтып берді

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының фильм түсіру үшін "откат" сұрағанын бұған дейін режиссер Талғат Жәнібеков өзінің видеоүндеуінде айтқан болатын. Бүгін Қазақстан халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов та министрдің "сұраншақтығы" жайында ишаралады. Бұл туралы informburo.kz порталының тілшілері мәлімдеп отыр.

Естеріңізге салайық, даудың басы "Феникс" фильмінің түсірілімінен басталған болатын. Фильм режиссері Талғат Жәнібековтің айтуынша, басы басталған жобаны соңына дейін жеткізу үшін Мұхамедиұлы араға адам салып, сол делдал арқылы "откат" сұратқан көрінеді. Алайда, министрдің өзі мұны жала деп тауып, режиссерді сотқа берген. Кейін екі тарап татуласса керек, Жәнібеков сөзін кері қайтарып алды.

Ал, танымал артист Тұңғышбай Жаманқұлов болса жел тұрмаса ешқандай шөптің басы қимылдамайтынын айтып отыр. Ол - "Феникс" фильмінің продюсері.

"Халық арасында жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды деген сөз бар ғой. Кеше шыққан әңгімелер бекер емес. Рас, біз қазір ешнәрсе дәлелдей алмаймыз. Парақорлар әбден әккі болып алған. Бірақ, бізден 150 мың доллар сұрағанын нақты білемін. Даудың бәрі сол ақшадан шығып отыр", - дейді Жаманқұлов.

Оның айтуынша, қаражаттың болмауы себебінен Мұхамедиұлына аталған ақша сол күйі берілмеген. Режиссер мен продюсер министрмен ортақ тіл тауып, фильм түсірілімін соңына жеткізбек те болған көрінеді. Алайда, ол "откат" болмаса министрлік фильмді қаржыландырмайтынын анық жеткізіпті.

"Біз айттық, алдымен біздің жобаға ақша аударсын, сосын әрі қарай мәселені шешерміз деп. Бірақ, бізге алдымен ақша деп қол жайып отырып алды. Бізде қаржы болмағандықтан сұрағанын бере алмадық. Ол болса 7 ай бойы бізден 150 мың долларды әкеп береді деп күтті", - дейді халық әртісі.

Оның айтуынша, "Феникс" фильміне деп жыл басында бөлінген қаражатты министр басқа жобаға қарай бұрып жіберген.

"Ол бізге бөлінген ақшаны басқа жаққа қарай аударып жіберді. Бәлкім, оған "откат" берген тарапқа берген шығар. Бірақ, қолымызда дәлел жоқ. Біз мемлекеттік қызметкер емеспіз. Қолымызда қандай да бір күш жоқ. Ал, ол шенеунік, оған жағымпазданып, дегеніне көнетіндер көп. Оның айтқандарын бәрі растап тұрады, ал бізді кез-келген уақытта жала жапты деп айыптай салуы мүмкін. Өйткені, біз ол секілді министр емеспіз", - дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары