14.09.2016, 03:17

Павлодарда Ленин ауылының атауын өзгертуге жергілікті қазақтар да қарсы шығуда

Белсенді топ Павлодар іргесіндегі Ленин кентінінің атауын әлі өзгерте алмай жүр. Басты себеп - жергілікті тұрғындардың қарсылығы деп хабарлайды КТК телеарнасы. Күн көсем мен оның комунистік жүйесін аңсайтындар елдімекендерді қазақыландырудың қажеті жоқ дейді. Оған жұмсалатын қаржыға халықтың жағдайын жақсартсын дейді олар.

Ауылға Қазанғап бидің атын беруге тұрғындардың көбі қарсы шыққан. Оларды тіпті, тарихшылар да райынан қайтара алмапты. Жергілікті билік те жиналыста басым дауыс жинағандардың ығына жығылып, кент атын өзгертуді тағы бірнеше жылға кейінге қалдырды.

Махмет Демесінов Ленин кентінде 50 жылдан бері тұрады. 84 жастағы қария қайдағы бір коммунистер көсемінің емес, осы елге еңбегі сіңген қазақтың қабырғалы биі – Қазанғаптың есімін иеленген елдімекенде тұрғысы келетіндердің бірі. Биыл іске тарихшылар да араласыпты. Баянауыл округының аға сұлтаны болған Қазанғаптың Ертіс бойындағы қоныстардың іргесін қалауға қосқан үлесін сол мамандар дәйектеп берген екен.

«Өшкеніңді ескерсең өскендіктің белгісі, өшкеніңді ескермесең өшкендіктің белгісі дейді. Солай ма? Ал, енді біз халқымызға, елімізге осындай қызмет еткен дарынды, ақылды адамды қалай ескермейміз? Осы арадан 7 шақырым жерде оның мүрдесі жатыр. Осы арада бұрынғы мектепті салғызды», - дейді Ленин кентінің тұрғыны Махмет Демесінов.

Тарихшыларды үнсіз тыңдаған лениншілдер жиында еш уәж айта алмаса да, дауыс берер кезде бәрі кент атауын өзгертуге қарсы шықты.

«Қанша миллион ақшаны кетіргенше осы ауыл атын өзгертеміз дегенше, халыққа жағдай жасап, жол, су істеп, содан кейін мен келісемін ауыл атын, ал пока уақыт әлі бұған келген жоқ. Қанша ақша кетіріп, халық құжаттарын айырбастағанша, қазіргі уақытта оның себебі жоқ», - дейді Ленин кентінің тұрғыны Сейілхан Сейсенбаев.

Пікірі тағы екіге жарылғасын жергілікті билік басым дауыс жинағандардың ығына жығыла салды. Соған қарағанда, елдімекен әлі біраз жыл «күн көсемінің» есемімен қалатын сыңайлы. Бір ғасыр тарихы бар бұл кенттің қазірде 10 мыңнан аса тұрғыны бар. Бүгін олардың барлығы жиналмағанымен, ауыл атауын ауыстыруға қарсы болғандар басым болды. Ал, Ленин атауын Қазанғапқа өзгертуді сұраған ынталы топ мүшелері болса мұнымен шектелер емес. Мәселені 4 жыл бұрын көтерген олар ауылға ақыры өңір тумасының есімі берілетініне сенеді.