Редакциямызға Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданына қарасты Сары-арық ауылының Кенжебек Әбденов есімді тұрғыны шағыммен хабарласты. Айтуынша, ауыл тұрғындарына тиесілі жер үлестерін жергілікті кәсіпкер – «Көмешбұлақ» өндірістік кооперативінің басшысы Айтжан Одаманов мемлекетке заңсыз өткізіп жіберген. Ал, жерін даулаған халыққа ол күш көрсетіп, бас көтергендерін қарумен де қорқытатын көрінеді.
Әу баста өздеріне тиесілі жер үлестерін ауыл халқы кәсіпкерге игер деп беріп, дивиденд төлеуін ғана талап еткен екен. Алайда, арада біраз жыл өткенде Одаманов өзіне тиесілі қожалықты банкрот деп жариялап, тұрғындардың жерін мемлекет меншігіне өткізіп жіберген.
«Сонау 1996 жылы біз 238 гектар жерімізді ауылымыздан шыққан кәсіпкер ғой деп Айтжан Одамановқа берген едік, тек үстінен дивидендін алып отыруға келіскен болатынбыз. Ол болса жердің "көкқағазын" бізден алып алып, мемлекеттік акт жасатып беремін деді. Бірақ, бүгінге дейін не "көкқағаз" жоқ, не акт жоқ. 2004 жылы Одаманов өзінің қожалығын бізге ескертпей банкрот деп жариялапты, оны осы биыл естідік. Ал, жер үлестерімізді мемлекет 7 лотқа бөліп, конкурс арқылы сатып жатыр екен. Мұны ести сала сол кездегі аудан әкімі Уәлихан Қайназаровқа бір топ тұрғын боп барып, бұл конкурсты уақытша тоқтаттық. Жерді бізден заңсыз алып қойғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі аудан әкімі Самат Сапарбаев та мұны растап отыр. Кеше 2,5 апта бұрын ол бәрімізді жинады, Айтжан Одамановты сол жиынға әкеліп, мәселені шешіп беремін деді. Бірақ, Одаманов келген жоқ. Әкім болса заңның аясында жерлеріңізді қайтарамыз деп уәде беріп отыр. Бірақ, қандай заңның аясында екенін, қалай және қашан қайтаратынын айтпады. Заңның аясында деп ертең біздің өз жерімізді өзімізге сатады ма деп қорқамыз, ауыл тұрғындарының заңды жақсы білмейтінін ол біледі ғой...», - дейді К.Әбденов.
Жерінен айрылған халық өз арасынан заңнан хабары бар Уәлихан Дүйсенбаев есімді азаматқа сенім артып, істің расымен де заң аясында жүруін қадағаламақ болған екен. Алайда, кәсіпкер А.Одаманов Дүйсенбаевтардың үйіне қарумен келіп, тыныш жүруін талап етіпті.
«Құрбан айт күні таңғы айт намазынан кейін Уәлихан Айтжан Одамановқа барып, амандасып қолын алмақ болған. Бірақ, қолын берудің орнына Айтжан Уәлиханды баспен бір ұрыпты, оны сол жерде болған ауыл тұрғындарының бәрі көрді. Жұрт оларды ажыратып жібергенімен, сол күні түскі уақытта ауылға мемлекеттік номері жоқ 3-4 көлік келіп, Дүйсенбаевтардың үйіне тоқтады. Суық қаруланған бірнеше ер адам үйге кіріп, астан-кестенін шығарыпты: қорқытқан, балағаттаған, кәрі анасына ауыздарына келгенін айтқан», - дейді Кенжебек Әбденов Құрбан айтта болған сұмдық жайында.
Бұл оқиғадан кейін ауылға аудан әкімі Самат Сапарбаев жетіп келген. Ол араша түскен сыңай танытып, халықты тағы да Одамановтың ығына жығып беріпті. Ақыры Дүйсенбаевтар отбасы кәсіпкерге кешірім беріп, полицияға арыз түсіруден бас тартқан. «Аудан әкімінің Одамановты қорғаштайтынындайы бар. Кезінде - 2012 жылдары Сапарбаев Одамановқа субсидия бөлгізіп беріп отырды. Аз ақша емес, ауқымды ақша бөлгізді. Оның алдында да екеуі бірлесіп жұмыс істеп жүрген. Енді біздің жер мәселемізді тағы да сол Одамановтың пайдасына шешіп береді ма деген қаупіміз басым», - деген Сары-арық ауылының тұрғыны мәселені бүкіл ел білсе екен дейді. Жерінен айрылған халық әділдік орнамаса «рэкетир-кәсіпкер» мен «крыша-әкімнің» жағдайын облыс басшыларына жеткіземіз деп бекініп отыр.
Видео Жұлдыз Айтмағанбетованың Фэйсбук-парақшасынан алынды