Жақында ғана тағайындалған Қазақстанның Бас прокуроры Жақып Асанов билікті жайлаған сыбайлас жемқорлықпен күресуге білек сыбана кіріскен секілді. Бас прокурор кәсіпкерлердің ісіне түрлі кедергі келтіріп, себепсіз тексеретін шенеуніктердің соңына шам алып түспекші. Бүгін Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлерінің былығын ашқан Асанов оларды Мемлекеттің саясатына қарсы шығып отыр деп айыптады. Жай айыптап қойған жоқ, міндетті түрде қатаң шара көрілетінін де ескертті.
Бас прокурордың бұл бастамасы қоғам белсенділерінің арасында бірден қолдау тапты. Жемқорлықтан әбден зәрезап болған халық та ендігі үмітті Жақып Қажманұлына артып отыр.
Мәжілістің экс-депутаты, Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Мұрат Әбенов те жемқорлыққа белшеден батқан шенеуніктерді жазғырды. Ол тіпті, мұндай жемқорлар тарапынан бас прокурорға қарсы науқан жүруі де мүмкін екенін айтып отыр.
«Кез-келген адам жемқор басшылардың қызмет деңгейіне қарамай онысын беттеріне басып айта алмайды. Заңсыз тексерулерді шенеуніктер өздері арыз жазып ұйымдастыратынын айтып отыр. Мақсаттары - біреудің нан жеп жүрген тіршілігін тартып алу немесе пара талап ету. Бұрын мұндай батыл және ашық әңгімені естіген емеспін. Елге шын жаны ашитын азамат. Енді жемқор шенеуніктер Бас прокурорға ашық және жасырын қарсылық жасайтыны анық. Сондықтан, бұл кісіні бүкіл азаматтық қоғам болып қолдауымыз керек», - деп жазады М.Әбенов өзінің Facebook-парақшасында.
Экс-депутаттың бұл бастамасын қолдап үн қатқандар саны айтарлықтай көп.
Айта кетейік, бүгін ҚР Бас прокуратурасы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе өткізген жиында кәсіпкерлерге келтірілген кедергілер жайы сөз болды. Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты Экономикалық тергеу қызметінің басшыларын Жақып Асанов Елбасының жүргізіп отырған саясатына қарсы шығып отыр деп айыптап, кәсіпкерлерді себепсіз тексеруді доғаруды талап етті.