$ 494.87  520.65  4.91

ҚР Дін істері министрі уахабизмді сатанизммен салыстырып, қаупін әлі түсінбей отыр

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев салафизмді жай ғана жастар арасындағы сәнге айналған құбылыс деп есептейді және ертелі-кеш оның сәннен шығып қалатынына сенімді. Кеше Ақтөбеде болған ведомство басшысы өңірдің жастарымен кездесіп, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізгендей болды.

Айта кетейік, бұған дейін дін мамандары және қоғам белсенділері салафизм ағымына тыйым салу керектігін айтып, біраз дабыл қаққан болатын. Кейін бұл мәселе Парламентке жетіп, қазір депутаттардың қарауында. Дегенмен, Дін істері министрінің мәлімдемелеріне қарағанда салафизмге жақын уақытта тыйым салынбайтын секілді.

Мәселен, апта басында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген министр салафизмге тыйым салмай-ақ, оны жеңуге болатынын айтып қалды.

«Салафизмді ұстанушылар өз идеялары мен құндылықтарын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлерімізден жоғары қояды. Сондықтан, Қазақстан халқы салафизмнің тарауына заңмен тыйым салмай-ақ, оған жол бермей, зайырлы қағидаттарды басшылыққа алады», - дейді министр. Зайырлы қағидаттарды басшылыққа алса мыңдаған қазақ салафилердің қатарын неліктен толықтырып жүр? Салафизмнің Қазақстанға кіргеніне жиырма жылдай уақыт болды. Халық бұл ағымды жат көрсе кешегі лаңкестіктерді жасап жатқан кімдер? Сирияға соғысқа кеткен 500 адам кім?

Зайырлы қағидаттарды басшылыққа алып, салафизмді ысырып шығару үшін халықтың көзін ашу керек емес пе? Салафизмге қарсы иммунитет болмаса оны қалай ысырып шығарамыз?

Бұл аздай, кеше Ақтөбе тұрғыдарымен кездесуі барысында Н.Ермекбаев салафизмді жай ғана жастар арасында сәнге айналған құбылыс екенін де айтты.

«Бұрын қайдағы бір сатанистер де болған. Түрлі сондай секталар көбейгеннен кейін өздерімен өзі жоғалып кетті. Сол сияқты қазіргі анау салафит болсын, басқа да теріс ағымдар - олардың бәрі сәннен шығып қалады», - дейді министр.

Осы сөздеріне қарағанда Ермекбаев салафизмнің қаупін әлі сезінбей отырған секілді. Оның салафилерді сатанистермен салыстырғаны да түсініксіз жайт. Тіпті, мұнан кейін Дін істері министрінің діндер тарихынан хабары жоқ па деген ой да келеді.

Салафизм сәннен шығып қалатын құбылыс болса ең алдымен Ауғанстан, Кавказ елдері (Шешенстан, Дағыстан, Осетия), Сирия, Ирак сынды елдерде жоғалып кетер еді. Бірақ олай болған жоқ, қайта жылдар бойы қалыптасқан мәдениет пен дәстүрлердің, тарихи құндылықтардың көзі жойылды. Ол мемлекеттер де салафизмнен келетін қауіпті алдын ала білмей, атүсті қарағаннан кейін осындай ауыр жағдайға ұшырады десек артық айта қоймаспыз. Сондықтан биліктің қауіпті ағымдарға бейжай қарауы ертең бармақ шайнатпаса болғаны.

Айта кететін тағы бір жайт, егер дін мамандарының халық арасында жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарынан нәтиже шығар болса қазір Қазақстанда бірде-бір сектант, бірде-бір салафит қалмас еді. Өйткені, атқарылған мұндай жұмыстардың санында есеп жоқ. Бастысы, жаңадан құрылған Дін істері министрлігі де осындай нәтижесіз түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, өзгеріс алып келетін тетіктерді іске қосса болғаны.

Skif-ақпарат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары