27.10.2016, 03:57

Ақтөбелік лаңкестердің бірі арнайы жасақтың қатарында борышын өтеген

Ақтөбеде 5 маусым күні теракт жасаған лаңкестердің соты жалғасып жатыр. Сот отырысы "жабық" деп жарияланған. Дегенмен, жергілікті "Диапазон" порталы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, оқиғаның жаңа деректерін мәлімдеді. Басылымның жазуынша, Ақтөбеде қырғын салған содырлардың бірі бұрын арнайы жасақтың құрамында борышын өтеген екен.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 3-4 маусым күндері Дмитрий Таңатаров, Арман Айтуған және Сұлтан Қабиев Орталық базарда ұялы телефон сатумен айналысатын таныстарымен құпия кездескен. Олар әлгі таныстарын бала туылуына байланысты өтетін діни мерекеге келіңдер деп алдап шақырыпты. Теолог Балғабек Мырзаевтың айтуынша, мұндай шақыртудан "діндарлар" бас тарта алмайды.

Лаңкестер 4 маусым күні мерекені атап өту үшін Есет батыр көшесіндегі 103-ші үйді жалға алған. Ал, 5 маусым күні бұл үйге 43 адам қонаққа келеді. Олардың барлығы да салафилер.

Мерекені ұйымдастырған үш жігіт қонақтардың ұялы телефондары мен көліктерінің кілттерін жинап алған. 45 адам бір бөлмеге сыймағандықтан олардың біразы ас бөлмесіне жайғасыпты. Күдіктілермен сөйлескен Балғабек Мырзаевтың айтуынша, жиналған жұрт үйде мерекелік дастархан жайылмағанын көріп таң қалған.

Қонақтардың барлығы келіп болған соң Дмитрий Таңатаров, Арман Айтуған және Сұлтан Қабиев ешқандай мерекенің болмайтынын, жиынның себебі басқада екенін айтқан. Мұнан кейін Таңатаров ДАИШ өкілі әл-Аднанидің жиһадқа шақырған аудиожазбасын жамағатқа тыңдатыпты. Аталған аудиожазбада араб содыры әлемдегі барлық "қаруластарын" өз елдерінде лаңкестік жасауға шақырған.

Аудиофайлды тыңдап болған соң Дмитрий Таңатаров келген жұртты теракт жасауға үгіттеген. Ол шаһид болғандарды жұмақ күтіп тұрғанын, жұмақта хор қыздарының бар екенін айтыпты. Оның сөздерін орысшадан қазақшаға Арман Айтуған аударып берген.

"Негізгі бөлмеде отырғандар уағызшыны мұқият тыңдап, кейбірі тіпті, көздеріне жас алған. Ал, ас бөлмесінде отырғандар уағызды естімепті. Бірақ, кейін сұрастырып, теракт дайындалып жатқанын түсінген. Күдіктілердің бірінің айтуынша, содырлар әскери бөлімге шабуыл жасап, ондағы қару-жарақты иеленбен болған. Кейін күштік құрылымға шабуыл жасап, түрмеде отырған өзге салафилерді босатпақ болыпты. Лаңкестік жасаудан бас тартқан кейбір келушілер үйден шығып кеткеп болғанда, өзгелері олардың жолын бөгеп, есікті мүлдем бекітіп тастаған екен. Олардың арасында бұрын арнайы жасақта борышын өтеген азамат та бар", - дейді содырлармен сөйлескен теолог.

Үйден шыққан радикалдар мұнан кейін қару-жарақ сататын дүкенге қарай беттесе, қалғандары өз жолдарымен кетіпті.