$ 498.34  519.72  4.85

Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді жеделдетуді тапсырды

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын жүзеге асыру мәселелері бойынша өткен Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.

Премьер-Министр ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет алдында Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүргізу бойынша міндет қойып отырғанын атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің

жаңа үлгісін құру қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бес негізгі басымдықты атады.

Бірінші басымдық – бұл экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту. Бұл тұста басты мақсат дәстүрлі секторлар мен қызметтер тоғысында цифрлық технологияларды қолданумен жаңа индустриялар құру болып табылады.

«3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, өнеркәсіптік ғаламтор, кәсіби қызмет саласындағы сандық сервистер тәрізді перспективалы салаларды дамыту туралы болып отыр. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдердің жылдам таралуы бүгіннің өзінде аталған салаларды реттеуде жаңа талаптар қойып отыр. Осы мақсатта Елбасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеп, біздің заңнамамызды IT-технологияларды дамыту үшін ынталандыруға бейімдеуді тапсырды», - деді Б. Сағынтаев.

Осы орайда Премьер-Министр Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп аталмыш бағдарламаның әзірленуін және заңнамалық өзгерістерді дайындауды жеделдетуді тапсырды.

Сонымен қатар Б. Сағынтаев 2020 жылға дейін ауылдарды талшықты-оптикалық желілерге қосу мәселесін ерекше бақылауға алу қажеттігін атап өтті.

Премьер-Министрдің айтуынша, инновацияларды қолдау және оларды өндіріске жылдам енгізу де өзекті болып табылады. Осыған байланысты ЭКСПО-ның инфрақұрылымдық базасында халықаралық IT-стартаптар технопаркін құру қажет.

«Біз бұл технопарктің бүкіл дүние жүзінен кәсіпкерлер мен инвесторларды тартуы үшін платформаға айналуына қол жеткізуіміз керек. Ол үшін сәйкес инфрақұрылым мен қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Бұл тұрғыда Премьер-Министр ақпарат, ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып технопарк құру мәселесін және салық жеңілдіктері, жеңілдетілген виза және еңбек режімі түрінде заңнамалық қолдау көрсету мәселесін пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, білім және ғылым министрлігіне ЖОО-лар, Назарбаев университетінің Астана Бизнес Кампусы және «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі базасында отандық ғылыми және инновациялық әлеуетті дамыту бойынша қажетті шараларды қолға алу тапсырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары