$ 494.87  520.65  4.91

Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау жұртшылығымен кездесті

Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы өңірдің жұртшылық өкілдерімен кездесті. Оған еңбегі сіңген ардагерлер, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары, жастар көшбасшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Елбасы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін дамытуды көздейтін міндеттердің ауқымды екендігін айтты.

Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдарында Маңғыстаудың ел өнеркәсібіндегі үлесінің артқанына тоқталды.

– Өткен жылдарда Маңғыстау облысының экономикасы айтарлықтай өсті. Тәуелсіздік алған кезден бастап өңірлік жалпы өнім 32 есе көбейіп, 2 триллион теңгеден асты. 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 2016 жылы өңірге тартылған инвестиция 400 миллиард теңге болды. Бұл – 2000 жылмен салыстырғанда 12 есе артық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының елеулі энергетикалық, өнеркәсіптік және көлік-логистикалық әлеуеті бар екенін айтты.

– Еуразияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан әрдайым құрлықтағы ел болып саналып келді. Бүгінгі таңда біз құрлық ауқымымен шектеліп қалмай, томаға-тұйықтық шеңберін бұздық. Ақтауда заманауи теңіз портын салдық, бейнелеп айтқанда, «жолсыз жерден жол аштық», – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті жүйелі дамудың жарқын мысалы ретінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев шекара маңындағы ынтымақтастықтың маңызы әлеуетін пайдалану қажеттігіне тоқталды.

– Қазақстан әрдайым көршілес елдермен достық қарым-қатынас орнатып келеді. Кеше ғана мен Әзербайжанда болдым. Бұл елмен ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндіктеріміз мол. Соңғы екі жылдың өзінде Маңғыстау облысы мен Әзербайжан арасындағы өзара тауар айналымы бес есе өскен. Аймақтарыңыз Қазақстанды жаһандық және өңірлік нарықтармен байланыстыратын аса маңызды транзит торабы болып саналады. Бұл орасан зор әлеуетті толық пайдалана білген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті өңірдің әлеуметтік саладағы жетістіктерін атап өтті.

– Тәуелсіздік жылдары облыс тұрғындарының саны екі есе өсіп, 640 мың адам болды. Халықтың өмір жасы да ұзарып келеді. Осы жылдар ішінде 271 мың бала дүниеге келді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Тарихи Отанына 125 мыңнан астам адам оралды. Бұл – тұтас бір қала. Ширек ғасырда медицина мекемелерінің саны екі жарым есе, ал мектептер екі есе артқан. 229 балабақша пайдалануға берілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай мен оны дамыту перспективалары туралы баяндады.

Жұртшылық өкілдері сөйлеген сөздерінде өңірді дамыту мәселелеріне ұдайы көңіл аударып, тиімді мемлекеттік саясаты жүргізіп отырғаны үшін Мемлекет басшысына ризашылық білдірді.

Соңында Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың назарын еліміздің табысты дамуының кепілі болып саналатын бірлікті, татулық пен достықты сақтау қажеттігіне аударып, маңғыстаулықтарға зор денсаулық және бақ-береке тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары