Сауд Арабиясының Королі Қазақстанға ресми сапармен келуге ниетті. Бұл жайында бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсырғаннан кейін Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі Захир бен Мутиш әл-Анези мәлім етті деп жазады ҚазАқпарат.
«Сенім грамотасын тапсырғаным үшін қуаныштымын. Қазақстан Республикасының Жоғары мәртебелі Президентіне Сауд Арабиясының Королінің сәлемін жеткіздім. Президент мырза Сауд Арабиясы королі жолдаған қасиетті Қағбаның жамылғысын қуанышпен қабыл алды. Сонымен қатар Сауд Арабиясы Королінің Қазақстан Республикасына ресми сапармен келу ниеті көрсетілген хатын жеткіздім. Құдай қаласа сапар жақын арада орын алады деген үмітіміз бар», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Қазақстан Президентіне Марокко Корольдігінің елшісі Абделжалил Собри, Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс, Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Мухаммед Ахмед Султан Иса аль-Джабер, Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі Захир бен Мутиш әл-Анези, Малайзия елшісі Дато Саид Мохамад Бакри Бин Саид Абдул Рахман, Грузия елшісі Зураб Абашидзе, Моңғолия елшісі Лувсан Баттулга сенім грамотасын табыс еткен болатын.