$ 498.34  519.72  4.85

Жамбыл облысының әкімдігі 150 компьютерді 300 млн теңгеге сатып алмақшы

Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев 150 компьютер сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге бөлгендігін мәлімдеді. Бұл сома Үкімет мүшелерімен бірге Сағынтаевтың өзін де таң қалдырды.

Айта кетейік, жиын барысында Премьер-министр Жамбыл облысындағы медицина саласының ақпараттандыру жүйесі дамымай қалғанын айтқан болатын. Артынша үкімет басшысы облыс әкімінен денсаулық сақтау мекемелерін компьютермен жабдықтау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.

Кәрім Көкірекбаев болса денсаулық сақтау жүйесіне ақпараттық технологияларды енгізу жұмыстары жоспар аясында жүріп жатқанын айтып сендіргісі келді. Оның айтуынша, 2017 жылы бұл бағытқа 200 миллион теңге бөлініп, бүгінде оның 120 миллионы игеріліпті. Ал, 2018 жылы 270 миллион теңге бөлу жоспарланған.

"Бізде медицина саласына ақпараттық технологияларды кезең-кезеңмен енгізудің жол картасы қабылданған. Облыстық және қалалық ауруханалар әдістемелік орталық ретінде бекітілді. Биылғы жылдың соңына дейін медициналық мекемелердің 50 пайызына ақпараттық технологиялар енгізуді жоспарлап отырмыз. Осы бағытқа 150 компьютер сатып алу үшін бюджеттен 300 миллион теңге бөлінді", - деді Жамбыл облысының әкімі.

Бұл соманы естіген Бақытжан Сағынтаев жағасын ұстамаса да таңданысын жасыра алған жоқ. Көкірекбаев болса шығынның неліктен мұндай екенін түсіндіруге тырысып-бақты.

"Бұл ақшаға тек компьютерлер ғана емес, қажетті серверлер және интернет сатып алынады", - деді ол. Премьер-министр болса бұл қаражаттың бәрібір де тым көп екенін айтып, ақшаны үнемдеуді тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары