05.07.2017, 17:18

Президент Астананың көрікті жерлерін аралап, халықты Астана күнімен құттықтады

Астана күнін атап өтуді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың көрнекті орындарын аралаудан бастады. Биыл ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуіне орай Астанада ондаған жаңа нысан ашылып, ескілері қайта жөндеуден өткен болатын. Солардың бірі – Қазақстан ордасының символына айналған «Бәйтерек» монументі. Аталған нысан биыл қайта жөндеуден өтіп, келушілерге есігін айқара ашты. Ал, монументке ең алғашқы болып Президенттің өзі келді.

Күрделі жөндеуден соң ғимараттың ішкі кейпі өзгерген. Атап айтқанда, монументтің күмбезі мен бағанасына жылуды сақтауға әрі оған жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік беретін энергия үнемдегіш жаңа шыныпакеттер орнатылған. Монументтің холына үлкен LED-экран қойылды.

Жаңартылған «Бәйтерекпен», танысып шыққаннан кейін Қазақстан Президенті «Нұржол» бульварында ашық аспан астында өтіп жатқан жыл сайынғы халықаралық ASTANA ART FEST мәдени фестиваліндегі экспозицияларды тамашалап, ұйымдастырушылардың еңбегін жоғары бағалады.

Фестивальда Қазақстан, Ресей, Франция, Украина, Испания, АҚШ, Германия, Армения, Жапония және Өзбекстан елдерінен келген 60-тан астам автордың туындылары көпшілік назарына ұсынылады.   

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Кенесары ханға арналған ескерткіштің жанында орналасқан «Арбат» жаяу жүргінші жолымен жүріп өтті. Онда Мемлекет басшысы Қазақстан қолөнершілері теріден, киізден, саз балшықтан және ағаштан жасаған бірегей бұйымдарды көріп, көше музыканттарының өнерін тамашалады.

Осы жерде елордадағы «Сарыарқа» ауданының әкімі Мемлекет басшысын аудан инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспарымен таныстырды.

Дәл осы күні кешкісін Қазақстан Президенті елорда тұрғындарымен және қонақтарымен әңгімелесті, сондай-ақ, барша жұртты келе жатқан Астана күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Есіл өзенінің жағасында лазерлік шоуды тамашалады. Іс-шараға Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, зиялы қауымның, іскер топтардың және мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы барша жұртты Астана күнімен құттықтап, 19 жыл ішінде еліміздің бас қаласы жоғары қарқынмен дамығанын атап өтті.

– Астана – ғажап қала. Кеше кешке қарай қаланы аралап шықтым. Кешкі мезгілге қарамастан, көшеде қыдырып жүрген көптеген адамды көрдім. Бұл көп нәрсені аңғартады. Адамдардың көңіл-күйі жақсы, өздерін қауіпсіз сезінеді. Сонау ерте заманда «Қала қабырғасымен емес, адамдарымен көрікті» деген сөз айтылған, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бүгінгі даму ырғағы бүкіл еліміздің жаңаруына серпін беретінін айтты.

– Біз экономикада, саясатта және мәдениетте ауқымды жаңғыруды іске асырып келеміз. Сол жұмыстың нәтижесі елімізді дамытуға арналған. Дамуымыздың басында әрдайым Астана тұрады. Біз мұнда түрлі мәселені, соның ішінде әлемнің әр түкпірінде бейбітшілік орнату мәселесін де шешіп келеміз. Біздің бейбіт, тату көршілік және инвестиция тарту жөніндегі саясатымыз Қазақстанның әрбір азаматы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізудің маңыздылығын және оның қаламыз бен елімізді одан әрі дамытудағы рөлін атап өтті.

– Қазір Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесінің арқасында халықаралық қоғамдастықтың назарын өзіне аударып отыр. Қонақтарымыз Астанаға тамсана қарайды. Біз – ғасырлар тоғысында жаңа мегаполис салған бірден-бір мемлекетпіз. Бүгінде Астана жылына ел бюджетіне триллион теңге құйып келеді. Бұл орайда, барлық кірістің 65 пайызы шағын және орта бизнестен түсіп отыр. Бәріміз бас қаламыздың бой көтеруіне куә болдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Елбасы барша қазақстандықтарды елорда күнімен тағы да құттықтап, бақ-береке және жаңа табыстарға жетуге тілектестік білдірді, сондай-ақ Астананы салуға атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.