$ 498.34  519.72  4.85

Үкіметте Қазақстанның 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды

Ұзаққа созылған қаржылық дағдарыстан кейін Қазақстан экономикасы аяққа тұра бастады. Әсіресе, соңғы 2-3 жылда еліміздің даму деңгейі төмендеп, дағдарыс экономикаға ғана емес, халыққа да тікелей «тізесін батыра» бастағанын сезген болатынбыз. Алайда, ел үкіметінің қолға алған антикризистік бағдарламалары өз нәтижесін беріп, биыл жыл басталған 7 айдан бері экономикада оң өзгерістер орын ала бастады. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында айтылды. Аталған жиында 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен негізгі басымдықтар қаралған болатын.

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов құжат «Қазақстан-2050» стратегиясында», 30 озық дамыған елдің қатарына кіру тұжырымдамасында, бес институционалдық реформада, сондай-ақ, Қазақстанның үшінші жаңғыруында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін мәлімдеді.

Жыл басынан бері Қазақстанда экономикалық белсенділіктің жақсарғаны байқалуда. 7 айдағы ЖІӨ өсімі 4%-ды құрады. Жыл қорытындысы бойынша 3,4% деңгейде экономика өсімі болады деп күтілуде. Бұдан өзге, ХВҚ болжамына сәйкес, 2017-2018 жылдары экономикасы дамыған елдердің белсенділігінің артуы себебінен 3,5–3,6% деңгейде әлемдік ілгерілемелі экономикалық өсім болады деп күтілуде.

2018-2022 жылдарға арналған болжам мен 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізі ретінде мұнай бағасы — $45 кезіндегі базалық сценарий алынды.

ЖІӨ нақты өсімі 2018 жылы 3,1% деңгейінде болжанған, 2022 жылы 4,2%-ға дейін өсім күтілуде. ЖІӨ өсімінің орташа жылдық қарқыны алдағы кезеңде 3,7%-ды құрайды. Атаулы ЖІӨ алдағы жылы 55,9 трлн теңгеден 2022 жылы 75,9 трлн теңгеге дейін өседі. Халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ 2018 жылы $9’000 құрайды, 2022 жылы $11’700 дейін ұлғайтылады.

ИИДМБ жобаларын енгізу, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер», АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды жалғастыру, сондай-ақ Үшінші жаңғыртуды іске асыру бойынша жобалық басқаруды енгізудің арқасында өңдеу өнеркәсібінде 4,2% деңгейінде, ауыл шаруашылығында — 5,7%, құрылыс саласында — 4,0%, көлік саласында— 5,1% және саудада — 3,5% өсімнің жоғары қарқыны орын алады деп күтілуде.

Ұлттық банк 2018 жылы 5–7% аралығында, 2019 жылы 4–6% аралығында және 2020-2022 жылдары 3–4% төмендету арқылы жылдық инфляцияның мақсатты дәлізін сақтаған. Жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы 4,9%-дан 2022 жылы 4,7%-ға дейін қысқартылады.

Өсім параметрлеріне қол жеткізу үшін негізгі назар экономикалық саясаттың келесі басымдықтарына беріледі: макроэкономикалық тұрақтылықпен қамтамасыз ету, жеделдетілген технологиялық жаңғырту, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, адам капиталының сапасын жақсарту, институционалдық қайта құру. 

Сондай-ақ, негізгі басымдық экономикалық дербестік пен өңірлердің жауапкершілігін нығайтып, кеңейту және Қазақстан азаматтарына өмір сүру мекеніне қарамастан бірдей деңгейде өмірлік және еңбек жағдайларын жасау мақсатында теңдестірілген аймақтық дамытуға бағытталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары