Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов орталық мемлекеттік органдардың неліктен бюджет қаражатын игере алмай отырғандығын түсіндіріп берді.
"Бюджет қаржысын игеруде былтырғы жылмен салыстырғанда оң өзгерістер бар. Дегенмен, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 114,8 млрд теңгенің игерілмегені анықталды. Оның 13,2 миллиарды бюджет қаражатын үнемдеуден кейін пайда болса, 101,6 миллиард теңгесі мүлдем игерілмеген", – деді Бақыт Сұлтанов бүгінгі Үкімет отырысында.
Бюджет қаржысын игере алмай отырған министрліктер тізімі мынадай:
Денсаулық сақтау – 20,3 млрд теңге;
Мәдениет және спорт – 9,3 млрд;
Ішкі істер – 9,3 млрд;
Қорғаныс – 7,9 млрд;
Ауыл шаруашылығы – 6,5 млрд;
Білім және ғылым – 6,4 млрд;
Ұлттық қауіпсіздік комитеті – 10,6 млрд.
Министрдің айтуынша, ақшаның дер кезінде игерілмеуіне бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерінің жайбасарлығы себеп көрінеді.
"Ағымдағы жылдың 8 айлық қорытындысы бойынша, игерілмеген 16,9 млрд теңге орын алмай қалған байқаулардың қаражаты, яғни байқаулар уақытылы өткізілмеген немесе кейінге қалдырылған. Сондай-ақ, 6,9 млрд теңге норвативті-құқықтық актілердің уақытылы қабылданбауынан игерілмеген", – деп атап өтті министр.