Қазақстан Президенті Алматы қаласындағы жұмыс сапары барысында жаяу жүргіншілерге ыңғайланып қайта жөнделген Жібек жолы, Панфилов көшелерін және «Астана» алаңын аралап көрді.
Мемлекет басшысына Алматы қаласының тұрғындар мен қонақтар үшін жайлылығын арттыру мақсатымен жүргізілген ауқымды қайта жөндеу жұмыстарының басты нәтижелері туралы мәлімделді.
Айта кетейік, биыл Алматыда қаланың тарихи бөлігінің үштен бірі күрделі жаңаруды бастан кешірді. Атап айтқанда, қоғамдық орындардың ауқымы кеңейіп, қала жасыл желекпен көмкерілді. Сонымен қатар, жол бойындағы ғимараттардың қасбеті өзгерді, көшелерге халыққа ыңғайлы етіп орындықтар қойылып, балаларға арналған спорт алаңшалары салынды. Өмір сүруге кедергі келтіретін инженерлік желіліер көшірілген. Жауын жауғанда қаланы тасқын судан сақтауға арналған кең арықтар салынды. Сондай-ақ, көгалды автоматты түрде суғаратын желілер орнатылды.
Жібек жолы көшесінің Абылай хан мен Қонаев көшелерімен қиылысатын аумағына табиғи таза гранит тақтайшалары төселген. Сонымен қатар, құрғақ фонтандар мен шағын архитектуралық мүсіндер, жаңа көше шамдары орнатылды. Тұрғындарға арнап орындықтар қойылып, балалардың спорт алаңшалары салынды. Ғимараттардың қасбеттері де адам танымастай болып өзгерген.
Ал, Панфилов көшесінің Жібек жолы мен Қабанбай батыр көшелерімен қиылысатын бөлігінде жаяу жүргіншілерге арналған коридор пайда болды. Құрғақ фонтандар, орындықтар, жаңа қоқыс жәшіктері, көше шамдары, балалар алаңшалары, жая жүргіншілерге арналған бағдаршамдар орнатылды. Сонымен қатар, реконструкция барысында табылған отызыншы жылдардың тас плитасының бір бөлшегі архитектуралық тарихи нысан ретінде сақталып қалды.
«Астана» алаңын қайта жөндеу жұмыстары жоспарлаған мерзімнен ерте аяқталды. Нәтижесінде көліктер жүретін жолақтар қысқарып, велосипед жүргізушілеріне арналған жолақ пайда болды. Жаяу жүргіншілердің жолы гранит тақтайшалармен жабдықталды. Жол жиектеріне гүлдер отырғызылып, қаланың көркін аша түсті. Бұл жерде де көше шамдары, орындықтар, қоқыс тастайтын жәшіктер де жаңарған.
Сондай-ақ, биыл Мемлекет басшысының жаңа Наурызбай ауданын құру туралы жарлығына да тура үш жыл толып отыр. Осы үш жыл ішінде жаңа ауданға 188 шақырым жол салынып, 64 көпқабатты үй орталық жылу қазандығына қосылды. Қазіргі таңда Наурызбай ауданы көгілдір отынмен 100 пайызға қамтамасыз етілген.
Осы уақыт аралығында ауданда екі мектеп пен үш аурухана салынды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 33 балабақша мен 17 спорт алаңшасы пайдалануға берілді.
Наурызбай ауданының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында жергілікті әкімдік, сот, прокуратура, халыққа қызмет көрсету орталығы, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, Қазпошта бөлімшесі, зейнетақы төлеу орталығы, мемлекеттік кіріс, әділет басқармалары және т.б. мекемелер орналасқан.
«Туған жер» бағдарламасы аясында №174 қазақ мектебі салынып, 1200 орынға арналған емхана ел игілігіне берілді.
– Алматы қаласы тұрғындары санының артуы сәйкесінше оның аумағын да ұлғайтуды қажет етеді. Үш жыл бұрын жаңа Наурызбай ауданын құру жөнінде шешім қабылданды. Осы уақыт ішінде тиісті инфрақұрылым жасау жолында көп жұмыс атқарылды. Қала орталығымен ыңғайлы әрі жылдам қатынас орнату үшін көлік мәселесіне қатысты қажетті шешімдер де қабылданатын болады, – деді Елбасы осы сапары барысында.