«Нұр Отан» партиясының жаңа тағайындалған хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов өңірлерді аралау жұмысын жалғастыруда. Бүгін ол Алматы облысының орталығына келіп, партияның өңірлік филиалының жұмысымен танысты және жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажын, талап-арыздарын, ұсынысын тыңдап көрді. Сондай-ақ, облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың барысын тексеріп көрді.
Өңірге жасаған іс-сапары барысында Партия төрағасы тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі, сонымен қатар азаматтардың өтініштерінің қаралу көрсеткіштеріне арналған жиын өтті. Аталмыш жиынға облыс әкімі Амандық Баталов, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік хатшысы Жайсан Қуатов, мәслихат депутаттары, аудан, қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары және партия активі қатысты.
Жиынның ашылуында облыс әкімі А.Баталов сөз сөйледі.
Шара барысында облыста мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылуы, мәселесі қаралды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үй құрылысы, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру, ана мен сәби өлімі, облыс орталығы Талдықорған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері сөз болды. Сондай-ақ отырыс барысында өңірдегі білім беру мекемелеріндегі білім деңгейінің сапасын көтеру тұрғысындағы жұмыстарды қайта қарау, үшауысымды мектептер санын азайту үшін жаңадан білім беру мекемелерін салу кезінде халықтың туу көрсеткіштері мен миграциялық өсімді ескеру қажеттілігі айтылды.
Осы айтылған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар турасында Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Темірлан Бектасов, білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов және денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Эльмира Ахметова баяндап берді.
Баяндамашылардың сөзін қорытындылаған Ғабидолла Әбдірахымов, соңғы жылдары Алматы облысы жоғары қарқынмен дамып келе жатқандығын атап өтті. Өңірде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқыны да көзді қуантады. Бұл тұста Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып облыста жастарға арналған арнайы орталық ашылды. Жалпы облыс орталығында көптеген жаңа әрі бірегей нысандар бой көтеруде. Мұның барлығы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Осыдан кейін жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов өз сөзінде:
-Бүгінгі жиын өте маңызды әрі мазмұнды болды. Белгілі себептермен шешімін таппаған сұрақтар да бар, алайда ол мәселелердің барлығы партияның бақылауында. Мәселелердің шешу жолдары біздер үшін белгілі, ендігі кезекте білек сыбана іске кірісіп, күн тәртібінде тұрған сұрақтарды мүмкіндігінше жылдам шешуіміз қажет. Аудан және қала әкімдері, департамент және басқарма басшылары халықтың барлық мұң-мұқтажы мен қажеттіліктеріне бей-жай қарамауы тиіс. Біздің ортақ нәтижеміз осындағы әрбір мекеме басшысының атқарған жеке ісінен құралады. Мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілуде. Біз алдағы уақытта да Елбасымыз алдымызға қойған тапсырмаларды сапалы іске асыру жолында жұмыстарымызды қарқынды түрде жалғастыратын боламыз, - дей келе, Ғабидолла Әбдірахымовқа жиынға қатысып, қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар өңір басшысы партия хатшысының мектеп директорларын жұмысқа конкурстық негізде тағайындау қажеттігі туралы білдірген ұсынысын назарға алатындығын жеткізді.
Жиын аяқталғаннан кейін партия хатшысы Ғ.Әбдірахымов Жастарға қызмет көрсету орталығында болып, ғимараттың жұмысымен танысып, өңір жастары мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділерімен бейресми кездесу өткізді.
Осыдан кейін Ғабидолла Рахматоллаұлы құрылысы жүріп жатқан «Алматы - Өскемен» тас жолындағы жұмыстардың сапасын тексеріп, Көксу қант зауытын аралап қайтты.
Партия хатшысы Жетісу өлкесіне жасаған жұмыс сапарының соңында Қапшағай қаласына ат басын бұрып, Шенгелді ауылының тұрғындарымен кездесіп, кейін Қапшағай қаласының 10-шы ықшам ауданын газдандыру жұмыстарының жайымен танысумен аяқтады.
Айта кетейік, бұған дейін Ғабидолла Әбдірахымов Алматы қаласында болып, жергілікті тұрғындармен және белсенді жастармен кездескен болатын.