ҚР Ақпарат және байланыс министрлігі еліміздің ақпараттық кеңістігіне бақылауды күшейту үшін автоматтандырылған мониторинг жүйесін өз қолына алды. Жүйені толық жасап, іске қосу 2018 жылдың соңына жоспарланып отыр деп жазады Tengrinews.kz.
"Ұлттық ақпараттық кеңістікті автоматты бақылау" жүйесін жасау үшін бюджеттен 1,671 млрд теңге бөлініп отыр. Алдын ала болжам бойынша, аталған жүйе аса ірі көлемдегі ақпаратты өңдей алатын бағдарламалық-аппараттық кешен болады.
"Әзірге бұл жүйені жасаумен кімнің айналысатыны белгісіз, ол еліміздің мемлекеттік сатып алулар туралы заңына сәйкес жүргізілетін байқаудан кейін анықталмақ. Жүйені іске қосудағы басты мақсат - ҚР "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңның 4-3 бабы 13-1 тармақшасына сәйкес құзырлы органның БАҚ саласында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету", - дейді ҚР Ақпарат және байланыс министрлігінің өкілдері.
Ведомство мамандарының мәліметінше, бүгінгі таңда министрлік республикалық және аймақтық теле-радиоканалдарды, мерзімді басылымдарды, ақпараттық агенттіктерді, өзге де интернет ресурстарды бақылайды. Қарамағында барлығы 930 БАҚ бар. Сонымен қатар, министрлік әлеуметтік желілерді бақылап, ҚР заңдарының бұзылмауын қамтамасыз етеді.
Ал, "Ұлттық ақпараттық кеңістікті автоматты бақылау" жүйесі енгізілгеннен кейін бақылаудағы ақпараттық кеңістік артып, еліміздегі әрбір БАҚ өкілінің әрекеті, әлеуметтік желілердегі парақшалар түгел тексеруде болады.