14 ақпан күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 2017 жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрдың ғимаратында өткен жиынға келген тұрғындардың қарасы көп болды. Алайда, біразының іштері пысты ма, әлде қатты шаршаған болулары керек, әйтеуір әкім сөйлеп жатқанда қорылға басты.
Сағат 11:00-де басталған жиын 2,5 сағатқа созылған. Қырымбек Елеуұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін, Қызылордаға салынған инвестициялар туралы және өзге де табыстарын айтып жатты. Мұнан кейін ақсақалдар сөз алып, әкімге сұрақ қойды. Әкім жауап берді. Ал, кезек жастарға келгенде ақсақалдардың бірі оларды тоқтатып қойып, уақытты ұстамауын сұрап, сұрақ қоюға келген жас жігіттерді кері қайтарды.
Айта кету керек, аталған жиынға Астанадан "Нұр Отан" партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов пен ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та келіп қатысты. Шымкенттің экс-әкімі қатты шаршағанын көрсетсе де, ұйықтап қалған жоқ.
ФОТО: NewTimes.kz