Елбасы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде жастар қауымымен кездесті. Басқосу барысында «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген «Медиа этика» кітабын қазақ тілінде оқып шыққан соң алған әсерін баяндап берді.
Кездесу кезінде ешкім күтпеген сәт болды. Ұшқыш киімін киген жас жігіт 1991 жылы қараша айында түсірілген бейнежазбаны көрсетіп, осыдан 27 жыл бұрын болған оқиғаны Елбасының есіне салды.
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялар қарсаңда, қараша айында Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген еді. Теректі ауданының Аңқаты ауылына, қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын өсіретін іргелі шаруашылығына арнайы ат басын бұрған Елбасы сол ауылда өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің шілдеханасына тап болған. Қуанышты тойға құтты қонақтың тап келуін жақсы ырымға жорыған Сақпаевтар отбасы сәбидің есімін Нұрсұлтан деп қоюды ұйғарыпты. Сөйтіп киіз үйде өткен тойда Президент нәрестенің туу туралы куәлігіне өз қолымен сәбидің аты-жөнін жазып қалдырған еді. Тарихи бейнежазбада дәл осы сәт бейнеленген екен.
– Мына жердегі кішкентай сәби менмін, – дейді бүгінде зіңгіттей жігіт болған Нұрсұлтан Сақпаев. – Орал авиациялық оқу орнында ұшқыш мамандығын игеріп жүрмін. Болашақта білімімді жалғастырып, авиация саласының білікті маманы болғым келеді.
Елбасы жастар өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың заманауи озық технологияны жаппай игеруі қажеттігін, әлемдік деңгейдегі бәсекелерге қабілетті білікті маман болуын ескертті. Елімізде жастардың білім алуына, дамуына мемлекет тарапынан мол мүмкіндік жасалып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев цифрлы және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан жағдайында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеп өсірудің маңызды екенін атап өтті.
– Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.