Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 5 қызынан бірдей айырылған отбасыға көңіл айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы отандық блогер Денис Кривошеев Telegram-дағы парақшасында жазды.
Блогерге сұхбат берген министр бұл бір ғана отбасының емес, еліміздегі әр отбасының қайғысы екенін айтты.
«Бұл жантүршігерлік қайғылы жағдай сол отбасының ғана емес, еліміздегі әр отбасының қайғысы. Туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Мен, ана ретінде, мұның қандай орны толмас қайғы, жанына батқан аурудың жантөзгісіз екенін білемін. Құдай оларға қуат берсін!» – дейді Әбілқасымова.
Сонымен қатар ол министрлік көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларының сапасы мен тиімділігіне қатысты жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.
«Алдағы уақытта біздің министрлік жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын әлеуметтік және баспана көмегін көрсетуге қатысты қосымша шараларды ұсынады. Үй-үйді аралап, мұқтаж отбасылардың бәрі анықталады», – дейді министр.
Сондай-ақ, ведомство басшысы 4 ақпанда қайғылы оқиға орын алған жерге барғанын және Ситер отбасымен кездескенін айтты. Министрлік ұжымы отбасыға қолдан келгенше көмек көрсетті, дейді ол.
Еске сала кетсек, Астанада өрт салдарынан бір үйдің 5 баласы көз жұмды: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары дүниеге келген. Олардың ең кішісі – небәрі 11 айлық. Түнде олар тірідей өртеніп кеткен кезде, ата-анасы жұмыста болған.
Кеше марқұмдардың денесі жер қойнына тапсырылды. Жерлеу рәсіміне жүздеген адам жиналды.