Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Президент сайлауының соңғы қорытындысын шығарды. Оны Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен жария етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сайлаушылардың басым бөлігінің сеніміне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Екінші орынға «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов, ал үшінші орынға «Ақ жол» демократиялық партиясының кандидаты, жалғыз әйел үміткер Дания Еспаева жайғасты.
• Қасым-Жомарт Тоқаев - 70,96%
• Әміржан Қосанов - 16,23%
• Дания Еспаева -5,05 %
• Төлеутай Рақымбеков - 3,04%
• Амангелді Таспихов -1,98 %
• Жамбыл Ахметбеков -1,82%
• Сәдібек Түгел - 0,92%
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ең көп дауысты Алматы облысының, ал ең аз дауысты Маңғыстау облысының тұрғындары берген.
Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Ресей Президенттері Тоқаевты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап үлгерді.
Ләззат Сүлеймен хабарлағандай, Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтеді.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі сайланған республика Президенті болып дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан артық дауыс алған кандидат танылатынын атап өтті. Осы нормаға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының сайланған Президенті ретінде танып, тіркеу туралы қаулы қабылдады.
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы конституциялық заңға сәйкес Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайланған Президентке Қазақстан Республикасы президентінің куәлігін тапсырады. Конституцияның осы нормасын басшылыққа ала отырып, 9 маусым күні сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы президентінің куәлігін тапсыру ұсынылады. Сонымен қатар, заңға сәйкес Президент кезектен тыс сайлауда сайланса, ант беру күнін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Осыған сүйене отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру күні 2019 жылғы 12 маусым болып айқындалсын», - деді Сүлеймен.
Бұдан бұрын шетелдік және отандық БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлықтау рәсімі сәрсенбіде өтетінін мәлімдеген еді.
Заң бойынша жаңадан сайланған Қазақстан президентін ұлықтау рәсімі дауыс беру қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізілуі тиіс.